Қоғам

Заречный кенті қалпына келтірілуде

Тұтастай топан судың астында қалған Заречный кенті күннен күнге өзгеріп келеді. Қазір мұнда М.Жұмабаев пен Тимирязев ауданынан келген механикалық бригадалар қалпына келтіру жұмысымен айналысып жатыр.

Тасқынның беті қайтқанымен үйлердің жертөлелерінде су тұр. Соны М.Жұмабаев ауданының бригадасы сорып жатыр. Бұл іс тындырылмаса, баспаналардың төменгі бөлігі сыз тартары, бүлінері айдан анық.

ДОСТАН ТАСМАҒАНБЕТОВ, М.Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:

– 2 бригадада 15 адам жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 4 үйдің суын сордық. Сонымен қатар, ауладағы қоқысты да шығарамыз. Біз 68 баспананы қамтымақпыз.

Қарғын сумен ауданға бірсыпыра қоқыс келген. Жер-жерде жатқан қалдық аумақтың көркін қашырады. Оларды жинап, сыртқа шығару – тимирязевтық жігіттердің міндеті.

ҚАНАТ ИМАНЖАНОВ, Тимирязев ауданы әкімінің орынбасары:

– 6 мотопомпа, 2 ЗИЛ және 1 трактор жұмыс істеп жатыр. 30 тоннадан астам қоқыс шығардық. Сонымен қатар, үйлерден суды сорып шығарамыз. Таңнан бастап кешкі 7-ге дейін жұмыс істейміз.

Өзіміз жақсы білетіндей, қазір Петропавлдың шеткері орналасқан бөліктері мен Қызылжар ауданында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Іске өңіріміздің түкпір-түкпірінен механикалық бригадалар тартылған. Заречный кентінде 8 бригада жұмыс істеуде. Әрқайсысында 15 адамнан бар.

 

Гүлден Сембаева