Ауыл шаруашылығы

Тимирязев ауданында диқандар жасымық егуге кірісті

«Атамекен-Агро-Тимирязево» серіктестігі көктемгі дала жұмысын бастап кетті. Мұндағылар ылғал жабуды тындырып, енді қызыл жасымық егуге кіріскен. Аталған дақыл түрін былтыр да еккен. Биыл 2 мың гектарға арттырыпты. Сонда барлығы – 33 мың гектар егіс аумағы болса, соның 8 мыңнан астамын жасымыққа арнап отыр. Серіктестік басшысы Иван Самошкиннің айтуынша жасымық – берекелі өнім әрі тез сатылып кетеді екен.

ИВАН САМОШКИН, «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС басшысы:

– Бұған қоса биыл тағы бір дақыл түрін егіп көрмекшіміз. Қандай екенін, әзірге, айтпақ-ақ қояйын. Оның өнімділігін көре жатармыз. Күнбағыс егеміз. Бидайға деп 11 мың гектар жер бөлдік. Дәнді-бұршақты дақылдардың тұқымын 2,5 мың гектарға сіңірсек, арпаға 2 мыңға жуығын арнаймыз.

Көктемгі дала жұмысына 6 техника мен 20-дан астам адам жұмылдырылған. Олар ауысым бойынша жұмыс істейді. Андрей Петрищев – механизатор. Осында жұмыс істеп жатқанына 8 жыл болыпты.

АНДРЕЙ ПЕТРИЩЕВ, «Атамекен-Агро-Тимирязево» ЖШС механизаторы:

– Бұған дейін «МТЗ-80» тракторымен жүрдім. Қазір “CLAAS” комбайнына отырдым. Бірден үйреніп алдым. Техника жаңа. Ыңғайлы.

Тимирязев ауданында “Атамекен-Агродан” басқа тағы екі агроқұрылым егін егу жұмыстарын бастады. Бір аптаның ішінде 7,5 мың гектар жасымық, 9 мың гектар күнбағыс егіп тастапты. Ал
Ақжан ауылындағы серіктестік жұмысшылары әлі ылғал жабу үстінде. Мұндағылар биыл 12 мың гектарға егін егеді.

СЕРГЕЙ АНДРОСЕНКОВ, «Райт-АА» ЖШС бас агрономы, Тимирязев ауданы:

– Жұмысты мамырдың 16-сына қарай бастаймыз деп отырмыз. Барлығы – 1100 гектарға жуық жерге зығыр, 1600 гектарға қатты бидай, шамамен 10 мың гектарға жұмсақ бидай егеміз. Кейін сұйық тыңайтқышпен өңдейміз. Биыл мол өнім аламыз деген үміттеміз.

Сонымен, биыл Тимирязев ауданында 272 мың гектар жерге егін егіледі. Дәнді дақылдар 217 мың гектарын қамтиды. Майлы дақылдардың тұқымы 40 мың гектарға сіңіріледі. Қалғаны мал азығына арналған.

 

Гүлден Сембаева