Ауыл шаруашылығы

СҚО-да ылғал жабу жұмысы аяқталып қалды

Солтүстік Қазақстан облысында ылғал жабу жұмысы аяқталып қалды. Теріскейлік диқандар маңызды жұмысты 4,4 млн гектарда тындырған. Демек, жақын арада жер емген шаруалар тұқым себуге шығады.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Егіс көлемі 4,5 млн гектар болады. Оның 3,4 млн гектарына дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар егіледі. Ал майлы дақылдарға 751 мың гектар бөлініп отыр.

Іскер жандардың қажеттілігі ескерілді. Аса маңызды науқан қарсаңында мемлекет диқандарға арзандатылған жанармай ұсынды.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Ауыл шаруашылықтарына мемлекет үлкен қолдау танытуда. 57,6 мың тонна жанармай бөлінді. 1 литрі 250 теңге тұрады. Сорт алмастыру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Биылғы жоспар 10 пайызды құрайды. Қазіргі көрсеткіш – 9,7 пайыз.

Мемлекет тарапынан қаржылай да көмек көрсетіледі. Биыл өңірге субсидия ретінде 60,8 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күнге дейін оның
26 млрд теңгесі диқандарға үлестіріліпті. Техника да сатып алды. Ал қолданыстағылары жөндеуден өтті.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Техника толықтай дайын. Көктемгі дала жұмыстарына 12 700 мың трактор, 14 мың дән сепкіш және 1 500 өнімділігі жоғары кешен қатысады.

 

Байболат Құлтанов