Қоғам

“Солнечный-2” ықшам ауданына сән кіріп келеді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– “Солнечный-2” ықшам ауданында ат шаптыруға болады. Бұл төңірек адам танымастай өзгеріп жатыр. Көпшілікке жақсы мәлім, су тасқынынан зардап шеккен жандар үшін бұл ықшам ауданда үйлер салынуда. Баспаналардың саны – 100. Қазіргі таңда жүзе өте қарқынды жүргізілуде.

МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

– Жұмыстар 2 айда аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл жерде 10 жергілікті компания жұмыс істеуде. Мамандар саны 400-ге жуықтайды. Жұмыстар одан әрі қарқын алған шақта мамандардың саны 600-ге дейін жетуі мүмкін.

Бұл 100 үйге “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры 2 млрд 700 млн теңге бөлген. Қолданыстағы материалдың барлығы – отандық. Сол себепті, келбеті сағат сайын өзгеріп келе жатқан ауданда іске қажетті заттардың тапшылығы сынды мәселе туындамайды.

Көршілес орналасқан мынандай бірнеше үйді шалақындық құрылысшылар салып жатыр. Өткен аптада ғана іргетасы қаланған кейбір баспананың қабырғасы көтеріліпті. Жақында төбе жұмыстары басталмақ. Жігіттер жоспарды уақытында орындайтындықтарына сенімді.

ДАНИЯР ҚАРЫП, жеке кәсіпкер, Шал ақын ауданы:

– Шал ақын ауданынан 7 үй салуға келдік. 5 үйдің қабырғасын көтеріп қойдық. Жұмысты қарқынды бастадық. Таңғы 8-ден күн батқанша жұмыс істейміз.

Алыстан көз тартатын үйлердің сапасы – үлкен мәселе. Бұл іске “Күрделі құрылыс басқармасы” серіктестігі бекітіліпті. Яғни, аталған ұйымның өкілдері баспаналардың салынуын тұрақты түрде бақылап отырады.

МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

– Құрылыс жұмыстары аяқталған соң да тексеріс жүргізіледі. Егер қандай да бір ақау анықталса, компания өз есебінен қысқа уақыт ішінде кемшілікті түзейді. Бұдан бөлек, “Солнечный-2” ықшам ауданында тағы 400 үйдің құрылысы басталады. Бүгінде құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Маңызды жұмыс аяқталғасын аумақ абаттандырылады. Дайын болған үйлерді құрылыс басқармасы қалалық әкімдікке тапсырады. Кейін әкімдік тасқыннан зардап шеккен теріскейліктер арасында бөледі.

 

Байболат Құлтанов