Қоғам

Соғыс ардагері Василий Макиенконы мерекемен құттықтады

Бүгін Ұлы Отан соғысының батыры Василий Макиенконы “Есіл су” мекемесінің басшылығы келе жатқан мерекемен құттықтады. Қария кәсіпорында 10 жыл қызмет атқарған. Әр мейрам сайын “Есіл су” қызметкерлері қартты назарсыз қалдырмайды.

ҚАНАТ АСҚАРОВ, “Нұра топтық су құбыры” РМК “Есіл су” филиалының директоры:

– Біз әр жыл сайын мерекелерде барлық майдангерлерді келіп құттықтап тұрамыз. Азық түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз. Еш адам қолдаусыз қалмайды.

Василий Макиенко – Есіл ауданы Волошинка ауылының тумасы. Сұрапыл соғысты өз көзімен көрген майдангердің кеудесінде медаль самсап тұр. “Өмірде көп нәрсе ұмытылады. Бірақ, сұм соғыстың зұлматты күндері көз алдымда тұрады. Жарылған снаряд, зулаған оқтың үні құлақтан кеткен емес дейді”-, майдангер. Василий Васильевич майданға 17 жасында аттанған. Ұрысты Белоруссиядан бастап, Калининградта аяқтаған. Көз алдында 2 жан досынан айырылған.

ВАСИЛИЙ МАКИЕНКО, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен соғысқа 1943-ші жылы аттандым. Мен әскери борышымды өтеген жерде әкем де болған. Соғысқа бірге барған жолдастарымның жартысы ұрыс даласында бақилық болды.

Тәуелсіз елде өмір сүргеніне шүкір еткен қария: “Жас ұрпақ бейбіт күннің әр сәтін бағалай білуі керек”,- дейді.

ВАСИЛИЙ МАКИЕНКО, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Жас ұрпақты білім алуға шақырамын. Мен өзім 2 жыл соғыста болып, майданнан кейін 5 жыл сол жерде борышымды өтедім. Калининград маңындағы ұрыстар мәңгі есімде қалады.

Василий Макиенко зайыбымен 73 жыл бірге тұрған. Екеуі 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 5 жиен мен 7 жиеншар сүйген.
Айта кету керек, қазіргі таңда теріскейде 4 соғыс ардагерінің көзі тірі.