Қоғам

Ойқала ықшам ауданындағы үйлерді жөндеу жұмыстары басталды

Өңірде жалпы 3 мың 898 үйді су басты. Барлығы – 14 мың 388 адам эвакуацияланды. Қазіргі уақытта 5 мың 567 адам үйлеріне оралды. Қазір облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру – басты міндеттердің бірі. Табиғи апат салдарын жою және қалпына келтіруге келмейтін тұрғын үйлерді бұзу үшін барлық аудандардың әрқайсысынан келген 8 техника мен 5 механикалық бригада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.
Ойқала ықшам ауданында Петропавлдың 30 бригадасы жұмыс істейді. Бұл ықшам ауданға Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Уәлиханов аудандарының бригадалары да көмекке келді.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Бүгін Ойқала ауданына жол ашылды. Тұрғындардың барлығы үйлеріне келіп, үйлерінің жағдайын қарап жатыр. Техникалық бақылау жасамас бұрын тұрғындар өздері келіп, бұл процесті қадағалайды. Бұдан бөлек, әкімдік, полиция қызметкерлері де бар. Оценщиктер де – барлығы үлкен комиссия болып құрылып, тұрғын үйлерге иелерімен бірге кіреді. Мехбригадалар жұмыстарын тұрғындардың рұқсатымен жасайды.

Жалпы, Петропавлда қазіргі уақытта 600-ге жуық адамнан тұратын 100-ге жуық мехбригада су тасқынының зардабын жоюға қатысып жатыр. Жөндеу жұмыстарына 140-тан астам техника жұмылдырылған.

ЕРЛАН АМАНЖОЛОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

– Біз Ойқала ықшам ауданындағы 176 үйге жауаптымыз. Қазір 3 үйдің жөндеу жұмысына кірістік. Су басқан үйлерден алдымен ескі жиһаздарды шығарамыз. Кейін едендерді қайта қалпына келтіріп, үйлердің ішін-сыртын кептіремыз. Сметалық құжаттамаға сай жөндеу жұмысына кірісетін боламыз.

Арнайы құрылған мехбригадалар Петропавлдың басқа аудандарында да жұмысқа кірісті. Былғары кентіне 4 аудан бекітілді: Есіл, Жамбыл, Шал ақын және Айыртау аудандары. Заречный кентінде М.Жұмабаев, Тимирязев, Ақжар және Мамлют аудандарының бригадалары жұмыс істейді. Ал Аққайың ауданының бригадасы Қызылжар ауданына көмекке жіберілді.