Мәдениет

“Батырларға тағзым” атты ғылыми-танымдық кеш өтті

“Батырларға тағзым”. Бүгін осындай атаумен Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күні және Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ғылыми-танымдық кеш өтті. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында ұйымдастырылған жиынға ардагерлер, театр ұжымы мен студенттер қатысты.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАР, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Бүгінгі шараны облыстық архив басқармасы мен театр ұжымы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Кеш зерттеліп жатқан батырларды еске алу және өскелең ұрпаққа таныту үшін өткізіліп отыр. Солтүстікқазақстандықтар қаншама ер майдан шебінде қаза тапты.

Алқалы жиында облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова баяндама оқыды. Жиналғандарға жерлес батыр бабаларымыз туралы тың ақпараттар айтылды.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Қазақстандан соғысқа 1 млн 200 мың адам соғысқа аттанған. Соның ішіндегі 100 мыңнан астам солтүстікқазақстандық. Біздің облыстық архивтің дайындаған электрондық базасы бойынша соғысқа аттанғандардың бүгінгі тізімі 116 мың адамнан асты. Соның ішінде Кеңес одағының 55 азаматымыз бар. Қазақстан бойынша – 531 адам.

Кейін ортаға театрдың жас әртістері шығып, сұм соғыс туралы үзінді қойылым ұсынды. Спектакльде жас шамасына қарамай, жастық шақтарын азат болудың жолында құрбан еткен өрімдей ұл-қыздардың қайсарлығы сипатталады. Туған жерлеріне деген сағыныштарын ерекше тебіреніспен жеткізеді.

Биыл қаншама адамның өмірін жалмаған сұм соғыстың аяқталғанына – 79 жыл. Бүгінде майданға қатысып, көзсіз ерлік көрсеткен батырлар көпке үлгі болып, аттары алтын әріппен жазылған ардагерлерге айналып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай