Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келді

Облысқа жұмыс сапарымен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келді. Ол өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен бірге су басқан аудандарды аралап, зардап шеккендерге жасалып жатқан жағдаймен танысты. Өңір басшысы мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ең бірінші болып «Alageum Electric» компаниясының Петропавл электротехникалық зауытына барды. Кәсіпорын 2021 жылы ашылған. Қазір мұнда 200 адам жұмыс істейді, олардың тең жартысы Қазақстанның өзге өңірлерінен қоныс аударғандар. Зауыт осы жылы жалпы көлемі 11 млрд теңгеге тауар өндіруді жоспарлап отыр. Өнімнің басым бөлігі ТМД елдеріне экспортталады.

Осыдан кейін Ғауез Торсанұлы мен Светлана Жақыпова «Қызылжар Су» ЖШС барып, жұмысшылармен кездесті. Бұл кәсіпорында қазіргі таңда 710 адам жұмыс істейді.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА , ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Мен бүгін сіздерге мемлекет басшысының берген тапсырмасын жеткізу үшін келіп тұрмын. Біз атаулы әлеуметтік көмектің төлем мерзімін ұзартамыз. Сонымен қатар мүгедектік мерзімі де 1 шілдеге дейін ұзаратын болады. Тұғындарға ешқайда барудың қажеті жоқ.

Өңірдегі су тасқыны кезінде серіктестікте жұмыс істейтін 60 адамның үйіне су кірген. «Қызылжар Су» ЖШС бас директорының айтуынша кәсіпорын оларға барынша қолдау көрсетіп жатыр.

ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, «Қызылжар Су” ЖШС бас директоры:

– 60 әріптесіміздің үйі су астында қалды. Біздің серіктестік олардың әр қайсысына 100 мың теңге көлемінде бір реттік төлем жасады. Сонымен қатар 2 аптаға төленетін демалыс бердік және алдағы уақытта олардың үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса техникамен, құрылыс материалдарымен көмектесуге әзірміз.

Бұдан соң министр Светлана Жақыпова Петропавлдағы Ойқала ауданына барды. Мұнда 1383 үй су астында қалған болатын. Қазір су кетіп жатыр. Арнайы жасақталған бригадалар зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 11 ауданнан бізге мамандар көмекке келіп, арнайы бригадалар жасақталды. Іске барлығы 700 адам жұмылдырылған. Зардап шеккен аудандар учаскілерге бөлініп, әр қайсысына жауапты мамандар бекітілді. Ойқала ауданынан су әлі толық кеткен жоқ. Қазір кей үйлер зерттеліп, мүлікті бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан соң қалыпына келтіруге жататын баспаналарда жөндеу жасалады. Ал тұрғын үй жарамсыз деп танылса, онда жаңа баспана беріледі.

Ойқала ауданынан кейін министр Светлана Жақыпова мансап орталығына барып электронды үкіметтің мобильді қосымшасы арқылы су тасқынынан келтірілген залалды өтеуге өтініш беру алгоритмінің тұсаукесерін өткізді.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Бұл қызмет түрі ҚР әділет министрілігімен бірге жасалды. Бұл арқылы сіз шағын сауалнамадан өтуіңіз керек. Барлық жеке деректерді толтырасыз. Тұрғындар көп құжат жинап, кезекте тұрып қиналмай ақ өтініш береді. Тиісінше бұл халықпен қызметкерлердің де уақытын алмайды, керісінше жұмысын жеңілдеді.

Өтінішті Egov mobile мобильдік қосымшасы арқылы беруге болады. Қосымшада тұрғындар келтірілген залалды тізімдейді: бұлар тұрғын үй түрі, құрылыс түрі, қаза тапқан мал саны, жеке мүлкі, қосалқы шаруашылық. Сервис су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұратын Қазақстанның барлық азаматтары үшін қолжетімді. Қазіргі таңда жалпы Қазақстан бойынша 21 642 отбасы тасқын судан зардап шеккен. Олардың ішінен 14 мың отбасы бір реттік төлемді алған.

Содан соң өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен министр Светлана Жақыпова М.Жұмабаев көшесінің бойында орналасқан жатақханаға барып тасқын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Нысан 244 адамға шақталған.

Жатақханада уақытша тұрып жатқан тұрғындар министірге өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойды.

Жатақхана тұрғындарымен кездескеннен кейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Солнечный 2 шағын ауданындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қазіргі таңда 10 жергілікті мердігер ұйыммен келістік. Барлық үйлер бір типті, 3 бөлмелі. 80 шаршы метр. 25 сәуір күні құрылыс жұмыстары басталған болатын. Мұнда 500 ге жуық маман жұмыс істеп жатыр. Қазір 31 үйдің қабырғасын көтеріп жатырмыз.Барлық материал жергілікті өнім. Жоспар бойынша алғашқы 100 үйді маусым айында тапсырамыз.

Ары қарай министр Светлана Жақыпова Қарасай стадионында орналасқан гуманитарлық көмек тарату пунктіне барып, еріктілермен жүздесті. Кейін министр мен өңір басшысы тасқын су кезінде баспанасынан айырылған Косогор тұрғындары Валерий және Людмила Беленкомен кездесті. Олар алғашқылардың бірі болып, сатып алынған пәтерге көшіп кірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Петропавлда су тасқыны кезінде баспанасыз қалған отбасыларға 7 пәтер сатып алынды.

 

“Қызылжар” телеарнасы