Қоғам

Зардап шеккен жандарды көмекпен қамту мәселесі – прокурорлардың бақылауында

Топан судың келуі – бір мәселе, тартылғаннан кейінгі халықтың жағдайы – екінші мәселе. Әр зардап шеккен ел тұрғынының уайымы мен мәселесі бір басына жетерлік. Қазір залал тиген теріскейлік тұрғындардың мұң-мұқтажы қаралып жатыр. Көп жағдайда азаматтардың құжаты бойынша мәселе туындайтын көрінеді. Мұндай кезде іс сотқа дейін барады дейді прокурор.

ТЫНЫБЕК САПАРОВ, Петропавл қаласының прокуроры:

– Бұған дейін хабарлағандай, су тасқынынан зардап шеккендер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне біржолғы әлеуметтік көмекті қабылдау үшін 6 ай ішінде жүгінуі тиіс. Прокуратураның үйлестіруі бойынша 2 мыңға жуық азамат 744 млн теңге көлемінде көмек алды. Одан басқа қазір Солнечный ықшам ауданында жаңа үйлердің құрылысы басталып кетті.

Есіл өзенінің көтерілуіне байланысты төтенше жағдай жарияланған Қызылжар ауданының 18 ауылындағы мың жарымға жуық үй су астында қалып отыр. Бүгінде 4 эвакопунктте 100-ден астам адам орналасқан. Аудан әкімдігі біржолғы әлеуметтік көмек бойынша 1524 өтініш қабылдап, 143 адамға барлығы – 421 млн теңге көлемінде қаражат төлеген.

ҚАЙСАР ӘБІШЕВ, Қызылжар ауданының прокуроры:

– Су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетілді. Оны беруді реттеу және ұрлық фактілерін болдырмау үшін аудан әкімдігі мәдениет үйінің ғимаратында және “AMANAT” партиясында орналасқан келіп түскен көмекті беру орындарын анықтады. Бұл нысандар бейнебақылаумен жабдықталған және тәулік бойы күзетіледі. Бұл пункттердегі жұмысқа 10-нан астам ерікті жұмылдырылған.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратып, ел ішінде дүрбелең тудырушылар. Адам өлімі мен гуманитарлық көмектің ұрлануы сияқты қауесет таратқандар заңмен жазаланып жатыр.

ҚАЙСАР ӘБІШЕВ, Қызылжар ауданының прокуроры:

– Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар фактілерінің көбеюіне байланысты біз 456-2 бапқа сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Гуманитарлық көмекті ұрлауға бағытталған заңсыз әрекеттердің куәсі болсаңыз құқық қорғау органдарына хабарласу керектігін ескертеміз.

Облыс орталығында осындай жалған ақпарат таратқан 3 адамға айыппұл салыныпты.

 

Ақжүніс Мұқатай