Ауыл шаруашылығы

Тұқым сапасы тексерілуде

Көктемде егілетін тұқым ҚАЗАГРЭКС кәсіпорнының зертханасында тексеріледі. Бұл процесс күрделі ме десек, оп-оңай атқарылатын іс екен. Адамның жұмысын аппарат атқарады. Маманның міндеті – оған 1-2 қасық ұсақталған дән салу және нәтижесін тіркеу.
Нәтиже – 16 пайыз. Бұл – дән құрамындағы ақуыздың көлемі.
Яғни, көрсеткіш жақсы. Бұл – тұқымды егуге болады деген сөз.

МАЙМҰНА МӘМЕКОВА, «ҚАЗАГРЭКС» АҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы:

– Біз 269 мың тонна тұқымның сапасын анықтадық. Яғни, химиялық сараптама аламыз және қандай да бір ауруға қатысты тексеріс жүргіземіз. Диқандар 045-ші бағдарлама аясында астық тұқымын тегін тексерте алады. Ол үшін апробация актілері, тексеруге берілген тұқымның құжаттары болуы тиіс.

Биыл егілетін тұқымды тексеруге 157 млн теңге қаржы бөлінген. Қаражат өңірдегі 3 мыңнан астам агроқұрылымның тұқым сапасын анықтауға арналған. Әзірге, бұл процестен 788 кәсіпкердің өнімі өткен. Мамандардың айтуынша егіннің 40 пайызы тұқым сапасына байланысты. Тексерістен өткен өнімге қатысты сертификат беріледі. Құжаттың жарамдылық мерзімі – 4 ай.

МАЙМҰНА МӘМЕКОВА, «ҚАЗАГРЕКС» АҚ СҚОФ директорының міндетін атқарушы:

– 1-ші класқа жататын тұқымның 172 мың тоннадан астамы тексерілді. 2-ші кластан – 70 мың 263, 3-шіден 25 мың 723 тоннасын қарадық. Класқа жатпайтын өнімнің 1 734 тоннасы тексерілді. Егер тұқым сапасыз деп танылса, нәтижесін иесне айтамыз. Ол оны еге ме, жоқ па – өзі шешеді.

Зертханаға тексеруге өңірдің түкпір-түкпірінен 409 мың тонна тұқым келіп түскен. Осы орайда айта кетейік, облыста тұқым сапасын тексеретін 3 зертхана бар.

 

Гүлден Сембаева