Қоғам

Тазалық шарасы

Күн жылынып, суы аз жерлер сәл де болсын құрғады. Ендеше қолға тырнауыш пен сыпырғыш ұстап іске кірісуге болады. Бұл – Мамлют ауданының орталығындағы тазалық шарасы. Мұнда қатысып жатқан адам саны аз емес: мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер де бар, жергілікті тұрғындар да жүр. “Таза Қазақстан” акциясы аясында бастау алған шара барысында мамлюткалықтар сырттағы қаулаған қамысты шауып, жол жиегін тазалап, ағаш отырғызып жатыр. Осы ретте қала әкімі Еркін Самарханұлы тұрғындардың ұйымшылдығына тоқталды.

ЕРКІН САМАРХАНҰЛЫ, Мамлютка қаласының әкімі:

– Мамлют қаласында жыл сайын бейсенбілік, сенбілік жұмыстар өткізіліп тұрады. Бұған барлық тұрғындар, жеке кәсіпкерліктер өз үлестерін қосып жатыр. Әр көше, әр ұйымның манайы тазаланатын болады. Қаланы көріп тұрғандарыңыздай судың ортасында тұр. Сондықтан, суда жақсы өсетін ағаштарды отырғызудамыз.

Қаланың сырты да, іші де тазаланып жатыр. Мынау – “Достық” саябағы. Мұнда жапырағын кеңге жіберетін жасыл желектің түр-түрі егілуде. Еккен адамдардың ұлттары әр түрлі, киген киімдері де ерекше. Татулық пен ұйымшылдық лебі сезілген жердің берекесі де мол болады дейді этномәдени орталық өкілдері.

ИРИНА ПОЯРКИНА, «Лад» славян этномәдени орталығының жетекшісі, Мамлют ауданы:

– Бұл “Достық” саябағы болғандықтан отырғызылып жатқан ағаштар тізбегін «Достық аллеясы» деп атадық. Бүгін ұлттық киімімізді киіп шықтық. Осылай өзіміздің татулығымызды паш еткіміз келді.

Волонтерлерді жастар ресурстық орталығының жетекшісі Елхан Бименді бастап келген. Барлығы – 30-ға жуық белсенді келіпті.

ЕЛХАН БИМЕНДІ, Мамлют ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Бүгінде 20-ға жуық ағаш отырғыздық. Ары қарай әр сенбі сайын әлі отырғызамыз. 30-ға жуық адам акцияға қатысып отыр.

Жергілікті тұрғын Руслан Омаров көптің лебімен өз үйінің ауласын тазалауға кірісті. Есік алдын сыпырып, жиналған қоқысты арнайы орынға апарып төгіп тастайды.

РУСЛАН ОМАРОВ, Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Күн жылып, жер кепкеннен кейін есік алдын бүкіл отбасымызбен тазалаймыз. Өткен жылдан қалған жапырақтар бар, соны жинау керек. Ағаш маңын өңдейміз. Негізі, бұндай шараны неғұрлым жиі өткізіп тұру керек.

Тұрғындар екі күн бойы тынбай еңбектенеміз деп отыр. Айналаң таза болса, тынысың да кеңейеді дейді.

 

Мәдина Қаби