ТКШ

СҚО-да 9 адам ажал аузынан аман қалды

Айыртау ауданындағы Антоновка ауылында орны толмас қаза орын ала жаздады. Елді мекенде 1990 жылы туған азаматша мен оның кәмелет жасқа толмаған 8 баласына иіс тиді. Абырой болғанда, барлығы аман қалды.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Көпбалалы отбасы Антоновка ауылындағы Ақан сері көшесіндегі 4-ші үйде тұрған. Осыдан бірер күн бұрын отағасы жөндеу жұмысын бастайды. Соған байланысты жанұя ауылдағы басқа үйге уақытша көшеді. Ер адамның айтуынша, ол сәуірдің 25-сіне қараған түні түнгі 2-де от жағып, жұмысқа кеткен. Көп ұзамай азаматша пештің тартпасын жауып тастаған. Салдарынан бөлмеге улы газ тараған.

Улы газ 9 адамды алқымнан алған. Жерлестеріміздің көрер жарығы бар екен. Таңда үйге келген отағасы жары мен балаларын құтқарған.

РАИСА ҚҰСАЙЫНОВА, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– 9 адамнан тұратын отбасы үш жедел жәрдем көлігімен және медициналық қызметкерлердің көмегімен аудандық ауруханаға жеткізілді. Анаға және 8 балаға қойылған диагноз – улы газдан улану. Жедел жәрдем бөлімінде дереу тексеріліп, ауруханаға жатқызылды. Жағдайы ауыр 5 бала жансақтау бөлімшесіне түсті. Қазіргі таңда барлығының жағдайы жақсы. Жалпы палатаға шығарылды.

Бұл отбасы 2 жыл бұрын арнайы бағдарлама арқылы Маңғыстау облысынан көшіп келген. Жанұя көпбалалы ретінде құтқарушылардың бақылауында болыпты.

 

Байболат Құлтанов