ТКШ

“Қызылжар су” ЖШС қателіктен сабақ алмақ

Өткен апталарда “Қызылжар су” серіктестігі елдің аузынан түспеді. Тамшы таппаған тұрғындар шаһарды тіршілік көзімен қамтып отырған ұйымды жерден алып, жерге салды десек те болады. Қуанышымызға орай, қиындық артта қалды. Қазір жағдай тұрақты. Бүгін кәсіпорын өкілдері бірсыпа адам жиып, есептік кезеңді қорытындылады. Жиын шымылдығын ашқан серіктестіктің бас директоры Жеңіс Сұлтанов кемшіліктер орын алғанын тілге тиек етті. Енді сол қателіктерден сабақ алу керек. Осы бағытта жұмыс жүргізілмек.

ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:

– Тасқын кезінде су таситын көліктердің жетпегенін бәрі аңғарды деп ойлаймын. Істің насырға шапқаны соншалық, біз Астанадан да көмек сұрауға мәжбүр болдық. Әкімдік ақша бөлді. Өкінішке қарай, қаржыны күту кезеңінде техниканың бағасы өсіп кетті. Енді кем дегенде 6 көлік алуды жоспарлап отырмыз. Мұның өзі үлкен көмек болады.

Жаңаның аты – жаңа. “Қызылжар су” серіктестігі қолданыстағы көліктерді жөндеу үшін жыл сайын 90 млн теңгеден аса ақша жұмсайды екен. Осыны ескерсек, сыры ұшпаған техниканы алған әлдеқайда дұрыс. Кәсіпорынның бірінші сатыға көтеру сорғы станциясы тасқынның астында қалды. Бұл өзекті мәселе назар аударуды қажет етеді.

ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:

– Халықты сумен қамтамасыз ету үшін генератор сатып алынды. Жақын арада іске қосатын боламыз. Бірақ, бұл мәселені толық шешпейді. Болашақта станцияға жердің астымен кабель жіберу керек. Сонда қиындық туындамайды.

Қазір ел арасында ауыз судың сапасына қатысты түрлі әңгіме жүр. Біреулер әлі дүкен аралап, құтыға құйылған тіршілік көзін алуда. Мұны жақсы білетін серіктестік өкілдері халықты босқа шығынданбауға шақырады.

ЕЛЕНА ПЕТРОВА, “Қызылжар су” ЖШС бас экономисі:

– Біз суды қабылдаймыз, тазалаймыз. Тиісті технологиялық жұмыс толық көлемде жүргізіледі. Сапаға қатысты сұрақ туындамауы тиіс. Иә, қазір хлордың иісі басым. Бұл мәселе жіті қаралды. Облыстың бас санитарлық дәрігері тасқын кезеңінде іске гиперхлорлау үрдісін енгізуді ұсынды. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Азды-кем өзгеріс адам денсаулығына кері әсер етпейді.

Енді өткен жылы атқарылған іске тоқталайық. Былтыр “Қызылжар су” серіктестігі 383 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізіпті. Сонымен қатар, 200 млн теңгеден астам сомаға 10 шақырымға жуық су және кәріз желісі күрделі жөндеу көріпті.

 

Байболат Құлтанов