Қоғам

Тасқыннан зардап шеккен ақхалаттыларға көмек көрсетілді

Рита Мұқанова – көпбейінді облыстық аурухананың қызметкері. Жұмысқа орналасқанына бір-ақ ай болыпты. Ойқала ықшам ауданында отбасымен бірге тұрып келген нәзікжандының үйін түгел су басқан. Қазір жатақханалардың бірінде тұрып жатыр.

РИТА МҰҚАНОВА, облыстық көпбейінді аурухана қызметкері:

– Отбасымдағы әке-шешеме және егіз балама қаржылай, гуманитарлық көмек жасағандарына үшін барлығына ризашылығымды білдіремін. Пәтерсіз қалған кезде ұжым басшысы Сәкен Өмірсерікұлы жатақханаға орналастырды. Жатақханада бір жұмадай тұрып жатырмыз.

Облыстық көпбейінді аурухана басшылығы топан судан зардап шеккен қызметкерлеріне гуманитарлық көмек көрсетті.
Нақтырақ айтқанда, азық-түлік пен тұрмыстық заттар берілді. Бұл дүниенің барлығын алуға “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына кіретін ресейлік “КазКран” компаниясы ақша бөлген. Кәсіпорын қазір Петропавлда кран құрылымдары зауытын салып жатыр.

СӘКЕН ӘМРИН, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:

– Қызметкерлерімізді қиын-қыстау кезде назарсыз қалдырмаймыз. Бізге аталған компания қайырымдылық ретінде 3 млн теңгеден аса ақша бөлді. Бүгінгі гуманитарлық көмекті сол ақшаға алдық. Негізі, қызметкерлерімізге бірінші рет көмек көрсетіп отырған жоқпыз. Бұған дейін де бірнеше рет жәрдемдестік. Ұжымды қолдау – міндет.

Видеодан байқағандарыңыздай, бұл жерге адам аз жиналған, өйткені, өзгелері қызметінде. Жұмыстан қолдары босаған соң өздеріне тиесілі тауарларды алып кетеді. Барлығы – 80-ге жуық маман. Қазір олар отбасыларымен бірге жатақханалар мен туыстарының үйін паналауда.

 

Мәдина Қаби