Қоғам

Қоғамдық штаб өкілдері жатақханаға көшірілген тұрғындармен кездесті

Эвакуацияланған тұрғындардың жайлылығы – бірінші орында. Кеше қоғамдық штабтың өкілдері М.Жұмабаев көшесі, 142 мекенжайындағы жатақханаға келді. Мамандар әр есікті қағып, қызыл судан зардап шеккен жандардың хал-жағдайын сұрап, тілдесті.

ГҮЛБАҚЫТ БАЙБУСИНОВА, облыстық ішкі саясат басқармасы бөлімінің маманы:

– Барлығы орныққан. Енді бұл жерге тұрғындар мектептің спорт залынан көшірілді ғой. Салыстырмалы түрде бұл жердегі жағдай жақсы. Жағдайымыз жаман емес деп жатыр. Көбісі біржолғы жәрдемақыны да алыпты. Кейбірі жұмыстарына барып, күнделікті өмірлерін бастап кеткен. Судың кетуін күтіп жүр.

Бары қызыл судың астында қалған жандардың көбін несие төлеу мәселесі алаңдатыны түсінікті. Сондықтан, түсіндіру жұмысы тобының ішінде банк өкілі де жүр. Өз ісінің маманы әр адамның мәселесін тыңдап, дұрыс бағыт-бағдар береді.

АЙГҮЛ МҰРАТОВА, банк филиалының директоры:

– Зардап шеккендердің несие төлеу мерзімі 3 айға дейін шегерілді. Ол үшін тұрғындар банкке келуі керек немесе кез келген банктің сайты арқылы өтініш берулері тиіс. Қазір осы мәселе бойынша өтініштер келіп түсіп жатыр. Көбі электронды түрде беруде. Қарыз алған тұрғын несиені алған банкке жүгінеді.

Бұл жатақханада Заречный кентінің 200-ге жуық тұрғыны тұрып жатыр. Оның 30-ы – бала. Жалпы, жатақханаға орналасқандарға өңірімізге күнде келіп жатқан гуманитарлық көмек те үлестіріледі. Кеше мұнда Түркістан облысынан жеткізілген 100 төсек-орын таратылып берілді.

 

Ақжүніс Мұқатай