Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. Президент еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны салдарын ескере отырып, жиынды онлайн-форматта өткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ассамблея сессиясы жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтеді. Ал биылғы басқосу мемлекетіміз үшін күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Шын мәнінде, бұл сессияны дәл осы кезде өткізудің мәні зор. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндерде көзіміз жетті деуге болады.

Еліміздің мызғымас бірлігі су тасқыны кезінде айқын көрінді. Волонтерлер, құтқарушылар, мемлекеттік қызметшілер мен тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері тер төкті. Ортақ істен ешкім шет қалмады. Соның арқасында елде 120 мыңға жуық адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы Дариға Смаилованның айтуынша тасқын құрсауында қалған жандарды құтқаруға өңірімізден 2 мыңға жуық ерікті ат салысты.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Су тасқыны кезеңінде 12 мыңға жуық жас волонтерлік іспен айналысты. Осыны біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бізге алғасын білдірді. Президент жастарға үлкен үміт артады.

Ел Президенті 1 сағаттан артық сөз сөйледі. Сонымен қатар, Ассамблея жұмыстарына да тоқталып өтті. Қоғамдық институт өкілдері өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі – көп жылдық жұмыстың нәтижесі. Облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов “Халқымыздың ауызбіршілігі болатын болса, алынбайтын қамал, істелінбейтін жұмыс жоқ” дейді.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Президент алға қойып жатқан мақсаттарын іске асыру үшін қандай жұмыс атқаруымыз керек деген сияқты ойлар тастады. Бірінші – елдің бірлігі, жұртшылықтың тыныштығы. Сол кезде экономика да болады, барлық жағдайды түзеуге болады. Президент болашақта біздің алға қоятын мақсатымызды, істелетін жұмысымыздың мақсатын түсіндірді.

Сөз соңында айта кетейік, алқалы жиында Президент қиын-қыстау шақта көмек қолын созған жандарға алғысын білдірді. Қазір арнайы қорға ақша жиналып жатыр. Алдағы уақытта жинақ елді мекендерді қалпына келтіруге бағытталатын болады.

 

Гүлден Сембаева