Қоғам

Қалада таза бейсенбілік өтті

Көктем келіп, қала гүлдене бастағасын петропавлдықтар қолдарына сыпырғыш, тырнауыш алып, айналаны жинау ісін жалғастыруда. Бүгін шаһарда Таза бейсенбілік шарасы өтті. Оған бизнес өкілдері және де қаламыздың белсенді тұрғындары қатысты. Олардың жалпы саны 1000-ге жуықтайды. Қыс ішінде Абай мен Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы алаңқайларда әжептәуір қоқыс жиналыпты. Қалдықтарды бір жеңнен қол шығарған жерлестеріміз ұйымдаса жинады. “Бір күндік акция барысында Петропавл айнадай тазара қоймасы анық. Дегенмен, біз табиғатты аялауға тамшыдай болса да өз үлесімізді қосқымыз келеді”, – дейді қоғамдық өмірге бейжай қарамайтын жандар. Игі шара 1 ай бойы жалғаспақ.

ҒАЛИЯ ҚОЖАХМЕТОВА, қала тұрғыны:

– Біз қаланың таза болғанын қалаймыз. Жыл сайын осы сияқты бейсенбілік, сенбіліктерге үзбей қатысамыз. Жылдың әр мезгілінде облыс орталығының көрікті болуы үшін атсалысамыз. Осы жылдан бастап осындай 3 тазарту шарасына қатыстық.