Қоғам

СҚО-ға Тәжікстаннан 16 вагон гуманитарлық көмек келді

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Аққайыңдар өлкесіне шекараның сыртынан тонна-тонна гуманитарлық жүк келіп жатыр. Бұл ретте Тәжікстан елі ерледі деуге толық негіз бар. Оңтүстіктегі көршіміз тасқыннан зардап шеккен Қазақстанның бірнеше аймағына ондаған вагон жүк жіберген екен. Соның 16-сы бүгін Аққайың ауданына келіп жетті. Қазіргі таңда вагондарға тиелген заттар түсіріліп жатыр.

Тасқынмен күресте алдынғы шепте жүрген жігіттер тағы да білек біріктіріп, вагондағы заттарды ұйымдасқан түрде түсірді. Кеңпейіл тәжік жұрты аса қажет деген дүниелерді молынан жіберіпті. Киім-кешек, төсек-орын мен азық-түліктің неше түрі бар. Көршілеріміз құрылыс жайын да ескерген. Өңірге 240 тонна цемент пен мыңдаған дана шифер жеткізілді. Бұлардың барлығы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданына жіберіледі. Тараптар гуманитарлық көмекті теңдей бөлу жайлы келісімге келген.

АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Тасқынға байланысты Қызылжар ауданында 8 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың бір бөлігі арнайы әзірленген орындарда әлі тұрып жатыр. Қиын-қыстау шақта демеу берген Тәжікстан еліне шын жүректен алғыс білдіреміз. Гуманитарлық көмектің ішінде бірсыпыра төсек-орын бар. Бізге аса қажет еді. Өзімізге тиесілі жылуды жақын арада ауданға жеткізіп, сұрыптау, тарату жұмысын жүргіземіз.

Соңғы деректерге сүйенсек, Қызылдар ауданында 3 мыңнан астам үйге су кірген. Қазір кейбір ауылдарда бағалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Арнайы құрылған комиссия көп ұзамай қорытындыны жария етеді.

 

Байболат Құлтанов