Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тасқын сумен күреске келген елордалық сарбаздарды алғыс хатпен марапаттады

Сәуір айының 8-інде Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің 312 сарбазы өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді ат салысты. Олар Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-лицейінің спорт залында орналасқан болатын. Әскери қызметшілер осы елді мекенге асқан қауіп төндірген тасқын судан тұрғындарды қорғауға бар күшін салды. Солардың қатарында Нұрдаулет Әбдірахымбай бар. Ол – Тараз қаласының тумасы. Айтуынша, тасқын сумен күрес кезінде Бескөл ауылының тұрғындары мен жергілікті билік өкілдері оларға ерекше ықылас танытып, барлық жағдайларын жасауға тырысқан.

НҰРДАУЛЕТ ӘБДІРАХЫМБАЙ – ҚР ҚК №68665 әскери бөлімінің сарбазы:

– Осы төтенше жағдай уақытында 8 сәуір күні көмектесуге Бескөл ауылына келіп тоқтадық. Бескөл ауылының тұрғындарымен үлкен нәтижелі іс атқардық. Осы Бескөл ауылының тұрғындарына айтарым тек рахмет. Бізді тамақпен, керек-жарақтармен қамтамасыз етті. Жергілікті әкімдікке, “Парасат” лицейінің ұжымына алғысым шексіз».

Сайдың тасындай сап түзеген сарбаздар бүгін үйлеріне қайтуға дайындалып жатыр. 16 күн бойы олар тасқын сумен күресті, салдарын жоюға ат салысты. Бүгін әскерилерді салтанатты түрде шығарып салуға және алғыс білдіруге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов келді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қайырлы күн құрметті офицер мырзалар, сарбаздар. Сіздерге су тасқынымен күресте көмек көрсетіп, елге келіп көмектескендеріңізге зор алғысымды білдіремін. Халықпен бірге болып осынау қиын уақытта бізге көмекке келдіңіздер. Адамдармен бірге бөгеттер салып, жұмыстар атқарғандарыңыз үшін көптен-көп рахмет айтамын.

Бұдан кейін өңір басшысы 68665 әскери бөліміне өзінің және өңір тұрғындарының атынан естелік сыйлық табыс етті және Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызмет мерзімі аяқталған 51 сарбазды алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты іс-шарадан кейін сап түзеген сарбаздар жаяу маршпен өтті. Ал Бескөл ауылының тұрғындары әскери қызметшілерге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.