МТРА жаңалықтары

Бір айдың ішінде 300 тоннаға жуық қияр жиналды

“Зеленный север” серіктестігі өткен жылдың қараша айында іске қосылды. Жылыжай тұрғындарды дәруменге бай әрі балғын қиярмен қамтамасыз етіп келеді. Жұмысшылар қазір голландиялық “гибрид мева” тұқымды өнімді жинап алуда. Кәсіпорын директоры Екатерина Асаёнок бұл сорттың өзгелерден артықшылығына тоқталды. Айтуынша, жоғары өнімді әрі ауруларға төзімді.

ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Зелёный север” ЖШС директоры:

– Кешеннің екі аумағы жұмыс істеп тұр. Біз әзірге 2 мың гектарлы жердің өнімін жинап жатырмыз. Орта есеппен күніне 8-10 тонна жинаймыз. Бір аптадан кейін келесі аумақтағы қияр піседі. Біз оны наурыз айының соңына қарай отырғыздық. Әдетте тұқым 45 күнде дайын өнімге айналады.

Жылыжай автоматты климаттық бақылау жүйесімен, тамшылатып суарумен және көлеңкелеумен жабдықталған. Кешен Петропавл 2-ЖЭО-ның буымен жылытылады. Дегенмен, адам күші қажет. Мұндағы ауыр жұмыстың басым бөлігін мамандар тындырады.

ДИАНА ЖАНТАСОВА, көкөніс өсірушілердің бригадирі:

– Бізде 18 қыз піскен өнімді жинаумен айналысады. Сондай-ақ, оралған жапырақтарды бір-бірінен ажыратады. Біздің міндетіміз – қиярды жинау. Мұндағы әр адам 500 келідей қиярды сабағынан үзіп алады. Бұл – шамамен 50 қорап.

Жылыжайда соңғы бір айдың ішінде 300 тоннаға жуық қияр жиналыпты. Өнімнің аз ғана пайызы көршілес облыстарға сатылады. Компания тағы бір шағын кешен салуды жоспарлап отыр, онда салат жапырақтары өсіріледі. Алдағы уақытта серіктестік қызғалдақ өсіруді де қолға алмақ.

 

Гүлден Сембаева