Қоғам

Бескөл ауылында 2 гуманитарлық көмек көрсету пункті жұмыс істеп тұр

Бескөл ауылындағы мәдениет үйінде гуманитарлық көмекті қабылдау мен тарату пункті жұмыс істеп тұр. Табиғи апаттан зардап шеккен жандар осында келіп, қажетті дүниелерін алады. Тіркеуден өткен жанға азық-түлік пен 10 литр су беріледі. Бескөлдік Амангелді Бекмұратов үй салып жатыпты. Өкінішке қарай, биыл құрылысы толығымен аяқталатын баспана суда қалыпты.

АМАНГЕЛДІ БЕКМҰРАТОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр. Енді Үкімет үлкен бөгет салса екен. Бұл бізге сабақ болады. Үйім үлкен емес – 60 квадрат. Әйелімнің бір бөлмелі пәтері бар, 6 адам болып сонда тұрып жатырмыз.

Белсенділер қажетті заттарды алдын ала қорапқа салып қояды. Егер отбасы көпбалалы болса, онда қосымша көмек қарастырылған. Мұнда ауызсу мен тағамнан бөлек, киім-кешек те бар. Жалпы, Бескөлде 2 гуманитарлық көмек көрсету қосыны жұмыс істейді.

ӘЛСЕЙІТ ТОҚАЙ, Қызылжар ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Зардап шеккен жандар “Амаnат” партиясы ғимараты орналасқан гуманитарлық пункт пен бізге келіп, өз заттарын алып кетеді. Күніне 50 қорап дайындаймыз. Егер адам саны көп болып кетсе, тауарларды сол жерде саламыз.

Мәдениет үйінде орналасқан қосынға күніне орташа есеппен 50 адам келеді. Оның дені – көпбалалы отбасылар.

 

Гүлден Сембаева