Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Қызылжар ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды аралады

Қызылжар ауданы – су тасқыны бойынша күрделі жағдай қалыптасқан аудандардың бірі. Жүздеген тұрғын эвакуацияланып, бірқатар елді мекенге су кірді. Қазіргі жағдайды аймақ басшысы бақылап қайтты. Ғауез Нұрмұхамбетов Семипалатное, Большая Малышка мен аудан орталығы – Бескөлде болды. Облыс әкімімен бірге су тасқыны салдарынан залал келген тұрғын үйлерді кәсіби бағалаушы да аралап қайтты.

– Касательно саманных домов, я рекомендую, вообще производить техэскпертизу. Потому что, они если намокли, для жилья они не пригодны. Они не сейчас, так позже развалятся. По ним необходимо, именно саманным делать техэспертизу.

Аймақ басшысы су ақырындап тартылып жатқан үйлерді аралап, зардап шеккен ауыл тұрғындарымен әңгімелесті. Қазіргі таңда біртіндеп баспаналардың жағдайын бағалау бойынша жұмыс басталып кетті. Қызылжар ауданының әкімі Сақтаған Сәдуақасов әр тұрғынға тиісті көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Су толығымен кетсін, тұрғындардың үйлеріне кіріп, жағдайды бағалаймыз. Қажет техниканың барлығы толығымен бар. Бригадаларды жіберіп, су сору жұмыстарын жүргіземіз. Әр үйге, әр тұрғынға көмек көрсетіледі.

Аймақ басшысы техникалық тексеру мен бағалау жұмыстарын созбай, тез арада жүргізу қажеттігін айтты. Су үйлердің аумағынан кеткен кезде істі бірден қолға алу керек.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елді мекендерді аралап шықтым. Комиссия үйлерге жедел түрде техникалық тексеріс жүргізу қажет. Мемлекеттің қаражаты, біздің қаражатымыз бар. Сондықтан, бұл жұмысты шұғыл түрде қолға аламыз. Аудан әкіміне комиссиямен жедел жұмыс істеу міндетін қойдым. Көптеген үй су астында қалды, адамдар өз үйлеріне тезірек оралуы керек.

Облыс әкімінің сөзінше, егер комиссия үйді жөндеуді ұсынса, қалпына келтіру жұмыстары шұғыл түрде басталады. Ал баспана өмір сүруге жарамсыз деп танылса азаматтарға жаңа үй салынады немесе екінші нарықтан баспана сатылып алынады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қай үйде қандай жағдайда екенін білу үшін техникалық тексеру мен бағалау жүргізіледі. Аудан әкімі мен кәсіби бағалаушы бүгін менімен бірге жүр. Бір үйден су кетсе, бірден бағалау жүргізу керек. Келесі үйде кетті ме, келесіні қолға алу қажет. Құрылыс бригадалары бар. Барлық үйлерден су кеткенін күтпеу үшін істі жеделдету мақсатында аудандарда бригадалар құрдық.

Облыс әкімі алыпсатарлық орын алмау керектігін айтты. Сондықтан, құрылыс материалдарының бағалары бақылауда болады. Айта кетейік, Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 860 азаматқа бір реттік төлем берілді.