Мәдениет

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні

Бүгін – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Атаулы датаға орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қабырғасында “Кітап: кеше, бүгін, ертең” атты конференция ұйымдастырылды. Мақсаты – адам баласының ойынан туған байлықты, білім мен тәрбие көзінінің маңыздылығын тағы бір еске алып, насихаттау.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:

– Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне баса көңіл бөлгенін бәріміз білеміз. Тағы елімізге Ұлттық кітап күні енгізілетінін айтқан болатын. Бүгін келушілерге 500-ден артық кітап ұсынылған. Көптеген сериялық басылымдар келіп түсті. Оның ішінде тың туындылар жазатын авторлардың шығармаларын топтастыру көзделген.

Жиынға филологтар, Ұлттық ұлан академиясының оқытушылары және студенттер келіп отыр. Оларға арналып залдың бір бөлігінде кітап көрмесі де қанат жайған. Барлығы биыл ғана қорға енгізілген, су жаңа. Түрлі баспалардан алынған жинақтың ішінде тіл үйренушілерге арналған кітаптар да бар. Конференция тыңдаушыларының бірі – ұстаз Іңкәр Мәлібаева арасынан біреуін таңдап та үлгеріпті.

ІҢКӘР МӘЛІБАЕВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектебінің әлеуметтік ұстазы:

– Бұл іс-шараның қазіргі қоғамға қажеттілігі өте зор. Себебі, қазір қоғам тек интернет жүйесіне тәуелді болып қалған. Кітап оқуға көп адамның құлқы жоқ деп айтсақ та болады. Бүгінгі іс-шара адамдардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, адамды дамытуға кітаптың қаншалықты құнды екендігін анықтау, жастардың өз ойын ашық әрі еркін айтуына ықпал етеді деп есептеймін.

Облыстық кітапхана қорында шамамен 700 мың кітап бар. Олардың қатары жыл сайын оқырмандарың сұранысы бойынша артып отырады.

 

Ақжүніс Мұқатай