Қоғам

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңға қол қойылды

Қоғамда кездесетін қылмыс түрі көп. Соның ішінде ең жиі қайталанатыны – отбасылық зорлық-зомбылық. Қоғамдық дертпен күресті күшейту мақсатында жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды.

ЖАНАТ ЖҰМАБАЕВ, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкілі:

– Жаңа заң балаларды педофильдерден қорғайды. Енді балаларға зиян тигізгендерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Суицид жасауға итермелегендер үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Тағы заң бойынша құқық бұзушыға жәбірленушімен бірге тұруға тыйым салынады.

Айта кетейік, енді әйелге қол көтергендер 80 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 50 тәулікке темір торға тоғытылады. Ал денсаулығына залал келтірген адам 200 АЕК айыппұл арқалайды не 2 жылға түрмеге тоғытылады. Деректерге сүйенетін болсақ, елде жылына кемі 400 әйел жуан жұдырықтылардың құрбанына айналады екен. Бұған қатысты статистика теріскейде 20%-ға азайыпты. Биыл солтүстікте жанұядағы зорлық-зомбылыққа қатысты 600-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген.

 

Ақжүніс Мұқатай