ТЖ

Тұрғындарға өрт қаупі жайлы айтылды

Бүгінде төтенше жағдайлар қызметкерлері халық арасында да ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жатыр. “Масло-Дел” серіктестігінің филиалы қамысты төңіректе орналасқан. Мұндай жерге от түссе, қас пен көздің арасында таралуы мүмкін. Аумақты тазалап жатқан мамандар тиісті ереже сақталатынын айтады.

ДАНИЛ АСАНОВ, “Масло-Дел” ЖШС филиалының бас инженері:

– Айналаны тазалау жұмыстары кезінде төтенше жағдай қызметкерлерінің ұсыныс-тілектері міндетті түрде ескеріледі. Біз әрбір тұсты ескереміз. Кәсіпорынның төңірегі бір күнде жиналмайды. Шамамен 3 аптадай уақыт кетеді. Тағы да айтарым, бұған дейін өрт фактісі бірде-бір рет тіркелмеді.

Мамандар түсіндіру жұмысымен шектелмейді. Үйлердің, кәсіпорындардың аумағы жиналмаса, тез жанып кететін заттар шашылып жатса, ескерту жасалады. Егер бұған мән берілмесе, айыппұл салынады.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас анықтаушысы:

– Айналадағы құрғақ өсімдіктерді дер кезінде тазалауды сұраймыз. Ережелерді елемеген жеке тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабы бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал шағын және орта бизнес субъектілеріне салынатын айыппұлдың көлемі бұдан 10 есе көп.

Сәуірдің 15-і күні өңір аумағында өрт қаупі жоғары кезең басталды. Ол қазанның ортасына дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін мамандар ел арасында рейдтік шарамен қатар, түсіндіру жұмыстарын да жүргізбек.

 

Гүлден Сембаева