Аптадағы маңызды жаңалықтарТЖ

СҚО-да мамыр айында өрт қаупі жоғары болады

Тасқынмен тәуліктеп күресіп жүрген аса күрделі кезеңде тілсіз жаудан төнер қауіпті естен шығармау керек. Бұлай жайдан-жай дабыл қақпаймыз. Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Жеті рет өлшеп, бір рет кесер мамандар ұсынған дерекке сүйенсек, алдағы уақытта қауіп артады.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– Мамыр және маусым айларында өңірімізде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2° жоғары болады деп күтілуде. Мамырда және жаз айларында өрт қаупінің жоғары және төтенше дәрежесі болжанады. Жауын-шашынға келер болсақ, мамыр мен жазғы кезеңде көрсеткіш нормаға жақын және аз болады деп болжануда.

Яғни, құрғақшылық болуы ғажап емес. Мұндайда жан-жаққа жайылған қазіргі топан судың пайдаға аспағаны өзекті өртейді. Тілсіз жау бас көтерсе, тағы да күніміз құтқарушыларға қарайтыны белгілі. Қызметке адал азаматтар көмек қолын созуға даяр. Бірақ, олардың халыққа өтініші бар.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Мамыр айындағы мерекелерге аз уақыт қалды. Әдетте осы кезеңде адамдар табиғат аясына шығып, саяжайларға барып, сауық құрады. Сіздерге айтарым, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар! Жандырған отты қараусыз қалдыруға және сөндірмей кетуге болмайды. Өскелең ұрпақпен түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Сонымен қатар, үй маңын жинағанда абай болыңыздар!

Ел арасында тәртіптің сақталуын мамандар тұрақты түрде қадағалайтын болады. Қазіргі таңда облыста 40 мобильдік топ құрылыпты. Көрсеткіш әлі ұлғаюы мүмкін. Өткен жылы осындай топтармен 189 хаттама толтырылған. Салынған 15 айыппұлдың жалпы көлемі 800 мыңға жақындайды. Қалғаны – ескерту.

 

Байболат Құлтанов