Қоғам

Бескөлде су кірген үйлерді бағалау жұмысы жүргізіліп жатыр

Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында топан су әжепәуір тартылды. Осыған байланысты бағалау комиссиясы қызу жұмыс істеп жатыр. Мамандарға біраз тер төгуге тура келеді. Алдын ала есептеу бойынша мұндағы 200-ге тарта үйге тасқын зардабы тиген.

ЖӘНІБЕК ҚОЙШЫБАЕВ, Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас маманының міндетін атқарушы:

– Бағалау жұмысы кезінде мән берілетін тұстар бар. Арнайы маман судың іргетастан асқан-аспағанына, неше сантиметрге дейін көтерілгеніне, қанша уақыт тұрғанына, жаңа мүліктің сапасына баса назар аударады. Үйдің көлемі де есепке алынады. Әр баспанаға шамамен 10 минут жұмсаймыз. Бағалаушы компания – петропавлдық.

Үйдің мекенжайы жазылады, суретке түсіріледі. Әрмен қарай бағалаушы маман әр бөлмені аралап, жағдаймен танысады. Негізінен еденнің, түсқағаздың, қабырғаның жай-күйіне назар аударылады.

Мына үйге айтарлықтай зиян келмепті. Иелерінің сөзінше, жоғары жылдамдықпен таралған су баспана ішінде көп уақыт тұрмаған.
Дегенмен, еденді аздап көтеріп жіберіпті. Жүргенде былқылдаған, сықырлаған дыбыс естіледі. Маман осыларды және үйдің шаршы метрін қағазға түртіп алды.

МИДХАТ ФАСХУТДИНОВ, бағалаушы компанияның өкілі:

– Үй, жөндеу жұмысы және мүлік бағалауға жатады. Жүктелген міндетті дер кезінде орындау үшін кесте бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Айта кетерлік жайт, біз электронды дүниелерді бағаламаймыз. Ол үшін тұрғындар әкімдікке жүгінуі тиіс. Билік өкілдері жиналған өтініштер негізінде арнайы компаниямен шарт жасасады. Яғни, сол келісім аясында мамандар шығарылғанына 7 жылдан аспаған заттардың дәл судан істен шыққанын-шықпағанын тексереді.

Тасқын жөндеу жұмысына әсер етпей қоймады. Светлана Барановскаяның үйіндегі түсқағаздар, жиһаз бүлінген, линолеум жиырылған. Іштен әлі ылғал сезіледі.

СВЕТЛАНА БАРАНОВСКАЯ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бізді сенбінің таңында, 5 жарымда шұғыл оятты. Тасқын өте тез жетті. Үйімізді басқанын өз көзімізбен көрдік. Көңіліміз құлазиды. Су кеткесін келіп, жинастырып жатырмыз. Жаңа бағалаушы маман болды. Барлығын жазып алды. Енді қорытынды күтеміз.

Жауапты бөлім мен бағалаушы компания өкілдерін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қызылжар ауданында Бескөл ғана емес, тағы бірнеше ауыл тасқыннан зардап шекті.

ЖӘНІБЕК ҚОЙШЫБАЕВ, Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас маманының міндетін атқарушы:

– Ольшанка туралы айтатын болсақ, ауылдағы 98 үйдің барлығы судан зардап шекті. Вишневкада 40-қа тарта баспана бүлінді. Семипалатноеда – 12, Боголюбово – 27, ал Надежкада 24 үйге су кірді. Осылардың барлығына барамыз, бағалау жүргіземіз.

Қоса кетейік, Қызылжар ауданында бағалау жұмысы су тараған аумақтарда ғана жүргізілуде. Мамандар барлық үй қамтылатынын алға тартады.

 

Байболат Құлтанов