Денсаулық сақтау

Алматылық дәрігерлер тасқыннан зардап шеккен жандарды қабылдауда

Қазақстан-Ресей медициналық университетінің дәрігерлері тасқыннан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарды қабылдауда. Ат терлетіп сонау Алматыдан жеткен мамандар жерлестеріміз уақытша тұрып жатқан Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлық және сервис колледжінің жатақханасына табан тіреді. Топ 8 білікті маманнан тұрады. Терапевт, психолог, кардиолог, гинеколог, педиатр мен тағы басқалары бар.

АЛЕКСАНДР ВДОВЦЕВ, ҚРМУ жылжымалы медициналық пунктінің үйлестірушісі, Алматы қаласы:

– Біз сапарымызды Қостанай облысынан бастадық. Өзімізбен бірге қажеттінің барлығын әкелдік. Халық біртіндеп келіп жатыр. Басым бөлігі психолог пен терапевке жүгінуде.

Кешеден бері 50-ден астам адам мамандардан кеңес алыпты. Алматылық тар бейінді дәрігерлердің қабылдауы 1 күнге созылмайды. Олар Петропавлда 1 жұма болып, жүгінуші жандармен жүздеспек ниетте.

АҚМАРАЛ РҮСТЕМОВА, Заречный кентінің тұрғыны:

– Кешелі бері алматылық дәрігерлер бізді тексеруде. Өзім ЛОР маманына көріндім. Толыққанды тексеріп, қажетті дәрі-дәрмек жазып берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда жатақханаға 250 тұрғын орналастырылған. Ақ халатты абзал жандар алдағы күндері облысымыздың аудандарына баруды жоспарлап отыр.