Қоғам

Эвакопункттердегі тұрғындар жатақханаға көшірілуде

Галина Соловьева – Ойқала ықшам ауданының тұрғыны. Нәзікжандының үйі топан судың астында қалған. Осыған байланысты жерлесіміз ЛОРД мектебіндегі эвакопункте орналасқан. Қазір өзінің күйеуімен және шөбересімен жатақханаға көшіп келген. Шөбересі – 14 жастағы қыз. Ал ерлі-зайыпты – жетпісті желкелеген жандар.

ГАЛИНА СОЛОВЬЕВА, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Біз кеше келдік. Іші өте әдемі, жарық, барлығы жаңа.

Ал Наталья Мостовщикова өзінің әпкелерімен көшіп келген. Айтуынша, жаңа жатақхана өте жылы.

НАТАЛЬЯ МОСТОВЩИКОВА, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Бұл жерге үш әпкелі-сіңлілі болып жаңа ғана келіп жатырмыз. Ойқалада тұрғанда да бірге болған едік. Жатақхана жақсы сияқты, іші жылы. Әзірге, осы жерде боламыз.

Тасқыннан зардап шеккен қауым кешеден бері жатақханаға көшіп жатыр. Уақытша тұрақ М.Жұмабаев, 142 мекен-жайында орналасқан. Шаһарда негізі 7 эвакопункт бар, солардың барлығындағы азаматтар енді осы жерді паналамақ.

ҚАЛИЯ ТӨРЕНОВА, қала әкімінің орынбасары:

– Эвакопунктерде 195 зардап шеккен адам тұрған еді. Қазір осы жерге 100 отбасы көшіп келді, қалғандары әлі орналаспады. Бөлмелер 144 адамға шақталған. Барлығы бірдей сыймайды. Бірақ, бұдан басқа дайындап қойған тағы бір жатақханамыз бар. Ешкімді баспанасыз қалдырмаймыз. Тұрғындар қыркүйек айына дейін осында тұрмақ. Күзге таман студенттер келеді.

Түсірілім барысында да жатақханаға бірсыпыра адам келді. Халық заттарын баспанаға кіргізуде. 9 қабатты жатақхананың іші жылы, тамақ пісіретін электр пеш бар. Сыртқы есік құлыпталады. Төсек-орын түгелдей жаңа. Бір қабат 6 секциядан тұрады, ішінде 3 бөлмеден. Жаңа тұрақты полицейлер мен еріктілер бақылайтын болады.

 

Мәдина Қаби