Қоғам

Семипалатное ауылындағы ахуал

Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Семипалатное ауылы. Дмитрий Файзыловтың мұнда тұрып жатқанына 7 жыл болыпты. Үйін биыл су басты, 59-шы жылғы баспана әбден бұзылған. Іргесіне су сіңіп, опырылып түсіп жатқан үйде енді тұру мүмкін емес.

ДМИТРИЙ ФАЙЗЫЛОВ, ауыл тұрғыны:

– Ауылда судан қатты зардап шеккен үйлердің бірі – менікі. Қазір үйдің сырты да, іші де осындай. Қабырғалары құлап жатыр. 1 жасқа толмаған балам мен жұбайым туысқандарда.

Дмитрий Исаков еңкіш тартқан үйін осыдан 2 жыл бұрын ғана түгелдей жөндепті. Бірақ, қызыл су бұл еңбекті жоққа шығарды.
Еденді түгел су шайған, линолеум көтеріліп кеткен. Еден астына жиналған су әлі кетпепті.

ДМИТРИЙ ИСАКОВ, ауыл тұрғыны:

– Бұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Сәуірдің 11-інде Есіл көтеріліп, су тез келді. Бүкіл еңбек зая кетті. Мемлекеттен берілетін біржолғы төлемді ауылда барлығымыз алдық. Алдағы уақытта комиссия келіп, үйімізді бағалайды. Қай жылы тұрғызылғанына, жағдайына қарай өтемақы төленеді.

Қазір Семипалатное ауылында тасқыннан кейінгі тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындар күндіз келіп, үйлерін ретке келтіруде. Бірақ, орналасуға әлі ерте, іштері кеппеген. Кейбір үйде тұру тіпті мүмкін емес. Көшеде кездестірген техника су шашып тастаған сабанды жинауда.

Ауылда негізі 90 үй бар. Оның 12-сін су басқан. Топан судың астында қалған үйлер төменгі жақта – Есіл көшесінде орналасқан. Жоғарғы жақтағыларға жетпеген. Абай Шайменов – Рассвет ауылдық округінің әкімі. Айтуынша, тұрғындарды су келмей тұрып 2 күн бұрын көшірген.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Су тасқыны болатынын, өте қауіпті екендігін біз халыққа алдын ала айттық. Эвакуацияны су келмей тұрып жасадық. Тасқын болғанда бұл жерде ешкім болмады. Халық Рассвет ауылында орналасқан эвакопунктке барды. Көбісі осындағы туыстарында тұрақтады.

Есіл көшесінде 32 үй бар. Тұрғындарының барлығы эвакуацияланған. 3 азамат қана эвакопунктке орналасыпты. Қалғандары туыстарын паналаған. Келесі көшеден 14 адам шығарылған. Қуанышқа орай, ол жаққа су жетпепті.

АБАЙ ШАЙМЕНОВ, Рассвет ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– 42 бас қара мал, 3 жылқы және 80 шақты тауықтар мен қаздар шығарылды. Ауылда екі ЖШС бар, барлығын соларға апардық. Көбісі туыстарына орналастырды.

Ауылда топан судан зақым келген 12 үйдің иесіне 100 АЕК көлеміндегі біржолғы төлем төленді. Енді тұрғындар үйді бағалайтын комиссия мүшелерін күтуде.

САҚТАҒАН СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

– Қосымша тағы да біздің ауданға гуманитарлық көмек күнделікті келіп жатыр. Келген заттар әрбір зардап шеккен азаматтарға таратылуда. Жалпы, Қызылжар ауданында 69 ауыл бар. Соның 21-іне ауылына су кірді. Біраз халық зардап шекті. Бірақ, толығымын 3 ауылды түгелдей су басты. Олар: Прибрежное, Вишневка, Тепличное. Басқа ауылдарды түгелдей алмады, кейбір үйлерге ғана кірді.

Еске сала кетейік, су басып, әзірге ешкім тұрмайтын үйлерге тәртіп сақшылары қарайлап жүр.

 

Мәдина Қаби