Қоғам

Қоғамдық штабтың жұмысы

Топан су әбігерге салғалы қалада зардап шеккен жандарға арналған 12 эвакопункт ашылды. Соның бірі 2-ші орта мектепте орналасқан. Мұндағы жандарға да жуырда құрылған қоғамдық штаб өкілдері келіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап береді.

АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, қалалық мәслихаттың төрағасы:

– Өзінің немесе үйдің құжатын қалпына келтіру үшін бізбен бірге ЦОН-ның қызметкерлері бірге жүреді. Мәселені жедел түрле шешуге тырысамыз. Барлық эвакопункттерде тамақ және басқа да мәселелер шешілген. Әрине, күнде түрлі сұрақтар пайда болады.

Қоғамдық штабтың негізгі міндеті – зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы халыққа кең көлемде ақпарат беру. Бұл жұмысты “Ақ Жол” демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Евгений Кинцель күніне бір емес, бірнеше эвакопунктке барып, тиісті түрде жүргізіп жатырмыз дейді.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, “Ақ Жол” ҚДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

– Әр адамды мазалайтын мәселе әр түрлі. Кейбірінің құжаттары бойынша келеңсіздіктер туындап жатыр. Төлқұжатта жазылған аты-жөнінде қателер кездеседі. Барлығының мұң-мұқтажын тыңдап, қалай әрекет ету керектігін айтамыз. Көмек алу үшін әр адамның жеке құжаты, есеп айырысу шоты мен жылжымайтын мүлік туралы қағаздар керек болады.

Жалпы, теріскейде облыстық және 5 аудандық қоғамдық штаб жұмыс істейді. Оның құрамына әкімдік қызметкерлері, депутаттар мен заң саласының мамандарынан тұратын 150-ге жуық адам кіреді.

 

Ақжүніс Мұқатай