Қоғам

“Қарасай” стадионында гуманитарлық көмек таратылатын жаңа орын ашылды

Гуманитарлық көмек жиналып, таратылатын жаңа орын ашылды. Табиғи апаттан зардап шеккен теріскейліктер азық-түлік пен тұрмысқа қажетті зат алу үшін “Қарасай” стадионына да бара алады. Бүгін мұнда Ойқала ауданының тұрғындарына жәрдемдесу жоспарланған.

ВИКТОР ШУТ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Назарсыз қалдырмай жатқандарына алғысым шексіз. Бұл – осымен алып жатқан екінші көмек. Үйімді шатырына дейін су басып кетті. Қазір туысымының үйінде тұрып жатырмын.

Қазір мұндағы жұмыс қарбалас. Іске 30-дан астам адам жұмылдырылған. Арасында спортшылар, аманаттықтар мен ерікті жастар бар. Жұмыстың басы-қасында туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та жүр. Солтүстіктің тумасы жерлестерін қолдап жәрдемдесу мақсатында келіп отыр.

СЕРІК ЖАРАСБАЕВ, ҚР туризм және спорт вице-министрі:

– Біз туризм және спорт министрлігі сыртта қалмай, ат салысып жатырмыз. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 300-дей спортшы мен спорт ұйымының басшылары үлестерін қосып жатыр. Қазір келген гуманитарлық көмекті таратып жатырмыз.

Зардап шегушілерге қос қаптама азық-түлік пен бір гигиеналық зат салынған жәшіктен беріледі. Мұндағы іс тиімді ұйымдастырылған.

НАТАЛЬЯ ХАН, қоғам белсендісі:

– Мұнда бір отбасыға 4 күнге жететіндей азық-қоры салынған. Түсініспеушілік туындамас үшін тұрғындарды арнайы тізім бойынша қабылдап, берілетін дүниені қолдарына табыстаймыз. Әуелі көмек көрсетілетін ықшам ауданды белгілейміз, сосын көшелер ретін құрамыз. Солай жеңіл болады.

Бүгінше табиғи апаттан зардап шеккен 300 тұрғынға гуманитарлық көмек көрсетіледі. Белсенділер бүгін бүкіл Ойқала ықшам ауданының тұрғындарын қамтып үлгеруге тырысады. Кейін судан залал келген өзге аумақ азаматтарын шақырады.

 

Ақжүніс Мұқатай