ТЖ

Тасқыннан зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі

Тасқыннан зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бүгіннен бастап тиісті қаулы күшіне енді. Осы уақытқа дейін өңірде табиғи апаттан зардап шеккен 2 мыңнан астам отбасы өтініш жазған. Оның мыңнан астамына 400 млн теңгеге ақшалай көмек көрсетілді. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов кезекті брифингте айтты.

РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Біржолғы төлем алуға өтініш білдірген адамдардың жаппай келуіне байланысты барлық құжат қабылдау пунктіндегі қызметкерлердің санын көбейттік. Бұл жұмысқа Халыққа қызмет көрсету орталығы мен екінші деңгейлі банктердің мамандары да тартылды. Олар тұрғындарға карточкалық шот ашуға, анықтамалар алуға көмек көрсетуде. Қызылжар ауданының тұрғындарына арналған құжат қабылдау қосыны Жастар сарайында жұмыс істеп тұр.

Топан судың астында қалған үйлерді бағалайтын топ құрылған. Бүгінде Тайынша ауданындағы үйлерге қатысты шығын көлемін анықтау жұмыстары басталып кетті. Басқа елді мекендерде жұмыс әлі басталған жоқ. Мұнда комиссия істеріне су тартылған соң кіріседі. Саяжай учаскесінде үй жапашегушінің жалғыз баспанасы болған жағдайда оған да 100 АЕК көлемінде біржолғы төлем төленеді. Бұған кезекте 70 қалалық азамат тұр.

НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

– Әкімдік өкілдері үйлерді техникалық жағынан қарайды. Онда тұруға бола ма, жоқ па – соны тексереді. Біржолғы әлеуметтік көмекті төлеуге арналған қаржы бюджетте қарастырылған. Бұл мақсатта 1 млрд 360 млн теңге бөлініп отыр.

Сондай-ақ, брифингіде судан құтқарылған жануарлар жайлы айтылды. Тасқын басталғалы 5 мыңнан астамы қауіпсіз жерге шығарылған.

 

Гүлден Сембаева