Қоғам

Павлодардан екі гуманитарлық жүк көлігі келді

Бүгін таңертең шаһарға Павлодардан кезекті гуманитарлық 2 жүк көлігі келді. Ішінде азық-түлік, ауызсу, түрлі тағамдар бар. Павлодарлық волонтер Айжан Қали “Біріккенде алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ. Қазіргі жағдайда бір-бірімізден көмекті аямауымыз қажет”,- дейді.

АЙЖАН ҚАЛИ, еріктілер ұйымының жетекшісі, Павлодар облысы:

– Сәуірдің 15-інде Павлодарда қызылжарлықтарға гуманитарлық көмек жинау жөнінде іс бастау алды. Бірден қоғам белсенділері, түрлі ұйым өкілдері жылу жинауға білек сыбана кірісіп кетті. Әкелген жүгіміздің жалпы салмағы – 60 тонна. Біз керек-жарақты үш күн бойы буып- түйіп, сәтті жеткізіп отырмыз.

Гуманитарлық жүк “Радуганың” алдында түсіріліп жатыр. Игі іске жұмылдырылған жастардың бірі – университет студенті Диас Есжанов. “Волонтер жүк түсіруге тағы адам керек”,- дейді.

ДИАС ЕСЖАНОВ, волонтер:

– Қазіргі кезде облысымыздың басына өте қиын жағдай туып тұр. Қиналған сәтте адамдарға көмектесу – біздің борышымыз. Волонтер болу оңай іс емес. Күнде осылай жұмыс істейміз. Жастарды халыққа көмектесуге шақырамын. Бізге адам жетіспей жатыр. Бұл жүктерді түсіру керек, адамдарға тарату қажет.

Дәл осы жерде жүк түсіруге 50-ге жуық адам тартылған.

 

Мәдина Қаби