Қоғам

Қызылжар ауданының тұрғындары мемлекеттік көмекке өтініш жазуда

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қызылжар ауданының тұрғындары Петропавл қаласында орналасқан Жастар сарайына таңнан бері жиналып жатыр. Тасқыннан зардап шеккен жұртшылық бірреттік төлем және өтемақы алу үшін өтініш жазбақ ниетте. Иә, “неге Петропавл?”, “неге Жастар сарайы?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Жергілікті билік су тасқыны басталар шақта облыс орталығына келген немесе өзге де себептермен Петропавлда жүрген ағайын үшін арнайы орын бөлген екен.

Петропавлда бірсыпыра Қызылжар ауданының тұрғыны жүр. Жастар сарайында Долматовадан, Прибрежноедан, Бескөлден келген адамдарды кездестірдік. Барлығына қызмет көрсетілді, түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Халықтың көңілі түсіңкі. Олар тасқынмен күресіп бақты. Алайда, табиғи апат жолындағының барлығын басты.

ДОС ТАСҚҰЛОВ, Прибрежное ауылының тұрғыны:

– Малды шығардық. Отбасым қалада тұрып жатыр. Ауылдың жігіттері, қыздары – бәрі тасқынмен күресті. Қыздар жағы қап ұстады. Бәрін сабырға шақырамын. Мұндай жағдай болмасын.

Тасқыннан зардап шеккен жандардың кейбірі құжаттарынан айрылғаны айдан анық. Жеке куәлік банктік қосымша ашқан адамдардың ұялы телефондарында бар. Соны пайдалануға болады. Ал үйге, жерге қатысты құжаттарды арнайы мекемеге жүгініп, қалпына келтіру керек.

ОЛЖАС ШАЙҒҰЗОВ, “ХҚКО” РМК СҚО бойынша филиалы Қызылжар аудандық бөлімінің өкілі:

– Адам ХҚКО-ға келіп, өтініш береді. 1 құжат 601 теңге тұрады. Банктік қосымшалар арқылы төлеуге болады. Техпаспорт 1 күннің ішінде, ал үйдің, жердің құжаттары 3 күннің ішінде жасалады.

Қазір халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бел жазбай еңбек етуде. Олар топан су келгелі 4 мыңға тарта зардап шегушіге көмек қолын созыпты.

 

Байболат Құлтанов