Қоғам

Бескөл ауылындағы ахуал

АҚЖҮНІС МҰҚАТАЙ, тілші:

– Мына 1 шақырымды құрайтын бөгет Бескөл ауылының жартысын су тасқынынан құтқарып қалған. Оны салуға 100-ден астам әскерилер мен осы ауылдың тұрғындары көмектесіпті. Қазір мұндағылар су тасқынының келе жатқан 2-ші толқынына дайындалуда.

Осыдан бір жетідей уақыт бұрын Бескөл ауылын Есіл өзенінен бастау алған су жан-жақтан қаумалап, елді мекенге кірген еді. Бір сәтте қаншама үй су астында қалып, түкке жарамсыз затқа айнала салды. Беймезгіл уақытта жағадан алған жаудай болған тіршілік көзі мына бөгеттің арқасында ары қарай өтпепті. Әйтпегенде Бескөл ауылының 70 пайызын су басар еді дейді тұрғындар.

БЕРІК ҒАББАСОВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Мен 78-ші жылдан бері осы ауылда тұрамын. Осы уақыттың ішінде мынандай су болмаған. Сарбаздар мен халық салған бөгеттің арқасында аман қалдық деп айтуға болады. Бұл болмағанда мына үйлердің бәрі кететін еді.

Бұл – Бескөл ауылының су кірмеген бергі беті. Өкінішке қарай, арғы бетін су жайлап, 100-ден астам баспана құрдымға кетті.

БОЛАТ САРТАЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Қазақ “Бірлік болса, тірлік болады” дейді. Бірліктің арқасында ауылды сақтап қалдық. Көмектесіп, гуманитарлық жүк жіберіп жатқан халыққа көптен-көп рахмет. Бөгетке керек құм мен басқа керек-жарақты телефонмен хабарласу арқылы бірден шештік. 2-ші толқынына дайынбыз. Мониторинг жасап, қай жерде ақау бар, соны бақылаудамыз.

Лейла Алиева Бескөл ауылында 13 жылдан бері тұрады. Үйі қауіпті аймақта тұр деуге болады. Соңғы бірнеше апта бойы жанын шүберекке түйіп жүрген отанасы бөгет салған әрбір жанды тамақтандырған екен.

ЛЕЙЛА АЛИЕВА, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Бәріміз қорықтық. Жиһаздарымызды жинап қойдық. Түнімен ұйықтаған жоқпыз. Далада жүрдік. Балаларымызды қалаға апарып тастадық. Екінші кезең келе жатқандықтан затарымызға тиіспедік. Сол қалпы тұр.

Мына бейнежазбадан ауылды апаттан аман алып қалу жолында жанын салған сарбаздар мен оларға риза болып тұрған халықты көруге болады. Еңбек текке кетпеді. Мұндай қарқынмен келесі толқынды да оңай жеңуге болады дейді тұрғындар.

 

Ақжүніс Мұқатай