Қоғам

Айыртаулық кәсіпкер палау таратты

Жаны жайсаң, қолы ашық жан. Айыртау ауданының тұрғыны Бақыт Құсайынов Петропавлға арнайы келіп, қиын-қыстау шақта білек сыбана тер төгіп жатқан еріктілер мен әскерилерге дәмі тіл үйірер палау таратты. Ас топан судың ортасында қалған Большая Малышка мен Барневка елді мекендерінің халқына да үлестірілді. Кәсіпкер палауға 40 келі ет пен 30 келі күріш жұмсаған. Одан 300 адамға жетерлік тағам әзірленді. Айыртаулық азаматқа облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкері де қолғабыс етті. Игі іс бастаушы Бақыт Құсайынов осылайша елдің амандығы үшін барын салып жатқан жандарға алғысын білдірді.

 

Ақжүніс Мұқатай