Қоғам

Топан судан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілуде

Топан судан зардап шеккендерге дәл қазір материалдық көмекпен қатар, моральдық қолдау да қажет. Соңғысы жақындары тарапынан көрсетіліп жатқаны айдан анық. Бірақ, білікті мамандар жұмыс жүргізсе, нұр үстіне нұр болады. Осы себепті шаһардағы психикалық денсаулық орталығының өкілдері білек сыбана іске кірісіпті.

ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ, психикалық денсаулық орталығының директоры:

– Біздің орталықта тасқын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін 30 жатын орын дайындалды. Келуге ниет танытқан адамдарға 22 дәрігер мен 7 психолог көмек көрсетеді. Мамандардың барлығы білікті. Тасқын өңір аудандарына да залал келтірді. Біз осыны ескеріп, аудандарда да психологтарды даярладық. Олар да жүгінген тұрғындарға жәрдем береді.

Психологиялық көмекке көзбе-көз ғана емес, сонымен қатар, сенім телефоны арқылы да жүгінуге болады. Орталық психологтары экранда көрсетілген нөмір бойынша қоңырау қабылдайды. Болашақта онлайн чатты іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, психологтар эвакуациялық пункттерге барады.

РАМИНА КАМИРОВА, психикалық денсаулық орталығының психологы:

– Шұғыл психологиялық көмек көрсетеміз. Егер өткір жағдай сақталса, адам психикалық денсаулық орталығына немесе тіркелген жері бойынша қалалық емханалардың біріне бағытталады.

Мамандардың айтуынша, қашықтықтан жүгініп жатқан жандар баршылық. Бүгіннің өзінде сенім телефонына 3 қоңырау түсіпті. Психологтар әр адамды тыңдап, қолдау танытқан екен.