Қоғам

Тасқыннан құтқарылған иттер

Топан су ауылдарға, қалаға кірген сәтте кейбір жандар үй жануарларын өздерімен бірге әкете алмады. Оларды құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер қауіпсіз жерге шығарды.

Яғни, мамандар адамдарға ғана емес, көздері жаутан қаққан жануарларға да көмек қолын созды. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде ең көп құтқарылған жануар – иттер.

Гашек көшесі, 40б мекенжайы бойынша орналасқан кәсіпорынның ескі ғимараты бір-ақ күнде иттердің жаңа мекеніне айналды. Қазір мұнда 300-ге тарта азулы бар. “Добрая планета” қайырымдылық қоры және “Ковчег” Солтүстік Қазақстан зооқорғау қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері жәрдем беруде.

ТАТЬЯНА МУХАМЕДЗЯНОВА, “Добрая планета” ҚҚ және “Ковчег” Солтүстік Қазақстан зооқорғау қозғалысы” ҚБ директоры:

– Біздің топ бастапқыда 4 қыздан ғана тұрды. Тасқын таяған шақта Заречный кентіне барып, келісім берген тұрғындардың иттерін арнайы көлікке арттық. Осылай ісіміз басталды. Уақыт өте келе еріктілердің қатары толықты. Қазір мына жерде ғана 10 шақты адам күнделікті тер төгеді. Олардың міндеті – жануарларды қабылдау, орналастыру, орындарын тазалау және тамақтандыру.

Ал еріктілердің екінші тобы иттерді құтқару, жеткізу және иелерімен байланыста болу сынды жұмыспен айналысады. Ирина Пик – жануарларға ерекше мейіріммен қарайтын жанның бірі. Ол әр төртаяқтыға жылулық танытады. Мұны темір шынжырға байланған азулылар түсінеді, азаматшаға қарсылық танытпайды.

ИРИНА ПИК, ерікті:

– Маған еріктілер хабарласып, көмек қолын созуды өтінді. Бірден келістім. Осы жерге таңғы 9-да келіп, кешкі 6-да үйге кетеміз. 300-ге тарта итті тамақтандыру, орындарын жинау – біраз уақытты алатын іс. Бірақ, біз мойымаймыз. Жомарт жандардың көмегін сезініп жатырмыз. Адамдар мұнда жануарлар үшін су, тамақ пен жылы төсеніштер әкеліп беруде. Барлығына алғыс айтамыз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Ит – адамның досы, ит – жеті қазынаның бірі дейміз. Бұлар да барлығын біледі, барлығын түсінеді. Мұндағы мамандардың сөзінше, жақында кейбіріне иелері келіп кетіпті. Сонда төртаяқтылар қатты қиналған екен.

Кездесуден кейін аумақта жылаған сәбидің дауысындай атмосфера біразға дейін тұрыпты. Айта кету керек, бұл жер енді иттерді қабыл алмайды. Орын жоқ.

ТАТЬЯНА МУХАМЕДЗЯНОВА, “Добрая планета” ҚҚ және “Ковчег” Солтүстік Қазақстан зооқорғау қозғалысы” ҚБ директоры:

– Қазір біз иттерге жаңа орын іздеп жатырмыз. Жан-жаққа хабарласуды бастадық. Тасқыннан зардап шеккен адамдар бірден үйге кірмесі белгілі. Яғни, бұл жануарлар бізде айлап болуы мүмкін. Сондықтан, көмек керек. Ерте ме, кеш пе жерлестеріміздің бәрі иттерін әкетеді деген сенімдеміз. Тастап кетпесе деген тілегіміз бар.

Қуанышымызға орай, жергілікті еріктілерге Қазақстанның өзге қалаларынан өздері сияқты жандар хабарласуда. Көкшетаулық азаматтар 100 итті қабылдауға дайын. Алматылықтар гуманитарлық көмек жинауда, ал астаналық қыз-жігіттер қаламызға келіп, петропавлдықтарға көмектеспекші.

 

Байболат Құлтанов