Қоғам

Өнер адамдары да көмек қолын созуда

Өңіріміздің өнерпаздары айтып келмейтін апаттан зардап шеккен жандарға көмек көрсетті. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған дарынды азаматтар жиналып, тұрғындарға 3 күн бойы керекті заттарды таратуда. Оның ішінде азық-түлік, киім кешек және төсек-орын сынды дүниелер бар.

ЕКАТЕРИНА БАШКАТОВА, ұйымдастырушы:

– Қиын-қыстау сәтте көмектесу біздің міндетіміз деп ойлаймын. Қол ұшын созған жандарға зор алғысымды білдіргім келеді. Біріксек қана осы апатты жеңіп шығамыз.

Игі шара қаладағы мейрамханалардың бірінде өтуде. Көмек алу үшін адамдар кіреберісте отырған жандарға жүгініп, өз құжаттарын тапсыруы тиіс. Содан кейін ғана ішке кіріп, қажет заттарды ала алады. Келе алмаған көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға көмек үйлеріне жеткізіледі. Еріктілердің де еңбегін тілге тиек еткен жөн. Олар да күн-түн демей қолдау қажет әрбір жанға жәрдемдесуде.

ДАЯНА ӨМІРЖАНОВА, ерікті:

– Қазіргі таңда тасқын су апатынан зардап шеккен адамдар өте көп. Той саласында жүрген 40-қа жуық адам бірігіп, қажетті заттарды сатып алып, қиыншылыққа тап болған жандарға қолдау білдірудеміз. Бізге керек адамдар бірінші құжаттарын тексерткеннен кейін ғана өздеріне керекті дүниелерді ала алады.

Жергілікті әртістер бұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта мейірімді жандар эвакопункттерге барып, залал тиген әр жанға қолдау білдірмек ниетте.