Қоғам

Алматылық кәсіпкерлер қалаға гуманитарлық жүк жеткізді

Кезекті гуманитарлық көмек. Бұл жолғы жүк көлік саласындағы кәсіпкерлердің бастамасымен Алматы қаласынан келіп отыр. Жаны жайсаң жандардың әкелген екі көлігінің бірі суға толы болса, екіншісі табиғи апат кезінде киетін киімдермен толтырылған. Тағы бір шағын машинаға азық-түлік салыныпты.

САМАТ БЕЛКЕШЕВ, жеке кәсіпкер, Алматы қаласы:

– Елімізде болып жатқан жағдайды естігеннен кейін Атырау мен Орал қаласына жүк жинауды бастадық, кейін Петропавл қаласына көмек жетіспей жатқанын естіп бірден бағытты бұрып, осында жолға шықтық. Мұнда арнайы киімдер, мың адамға арналған ыдыс-аяқ, резеңке етіктер мен дәрі-дәрмекке дейін бар. Көп мөлшерде су ала келдік.

Өңірімізге халық жанашырларының бастамасымен Алматы қаласынан тағы қос көлік жолға шығыпты. Олар бүгін-ертең қалаға жетіп қалады. Бүгінше алыстан ат терлетіп келген азаматтар қала маңында орналасқан елді мекендерге барып, тұрғындармен көріспек. Жағдайларын біліп, керек-жарақты үлестіріп бермек ойлары бар.

САМАТ БЕЛКЕШЕВ, жеке кәсіпкер, Алматы қаласы:

– Біздің басты мақсатымыз – әкелген дүниелерді тапсырып, тастап кету емес. Қазір Петропавл қаласына жақын орналасқан елді мекендерді аралаймыз. Мысалы, Соколовка мен тағы бірнеше ауыл тұрғындарына көмек керек дейді. Солармен көзбе-көз жүздесіп, сұрап, қолдарына табыстаймыз. Солтүстікте 2-3 күн боламыз.

Жалпы, оңтүстік астанадан келген гуманитарлық жүкке 3 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Барынша күштерін біріктіріп, асқан ұйымшылдықпен жиналған бұл жандар теріскейлік жұртқа барынша қолғабыс етіп бірақ кетеміз дейді. Жүрекжарды тілектерін де жолдады.

 

Ақжүніс Мұқатай