Қоғам

Тасқыннан зардап шеккен петропавлдықтар біржолғы төлемге өтініш жазуда

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің алдына мұнша халық жиналмаған шығар. Бұлардың барлығы – тасқыннан зардап шеккен петропавлдықтар. Олардың көздегені бір – ішке өтіп, біржолғы төлемге өтініш жазу. Зоя Михайленко – өзегі өртенген көптің бірі. Азаматшаның жанұясы Ойқала ықшам ауданында үй салып, өткен жылдың қазан айында ғана кіріпті. Өкінішке қарай, баспана суға кеткен.

ЗОЯ МИХАЙЛЕНКО, қала тұрғыны:

– 8 млн теңге несие алып, жаңадан үй салған едік. Ұзақ тұра алмадық. Топан су көзді ашып-жұмғанша келіп, айналаны басты. Қазір құдаларымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Көршілерімді және мына жердегі адамдарды сабырға шақырдым. Ең бастысы, өзіміз аманбыз. Соған шүкіршілік ету қажет. Дүние-мүліктің барлығы болады.

Руслан Садықов артта қалған күндерді күрсіне есіне алады. 4 адам тұрған азаматтың үйі Ойқала ықшам ауданының шетінде орналасыпты. Тиісінше, топан судың астында қалған. Жерлесіміз Үкімет тарапынан баспана тұрғызылса деген ниетте.

РУСЛАН САДЫҚОВ, қала тұрғыны:

– Малымыз бар. Оларды Жұмысшы кентіне апарып тастадық. Заттарды көтердік. Қала маңында, су баспайтын жерден үй салып берсе жақсы болар еді.

Зардап шеккен тұрғындардың бірі де қолдаусыз қалмайды. Болашақта оларға үй де салынуы мүмкін. Әзірге, жерлестеріміз біржолғы төлемді алулары тиіс. Арнайы бөлімнің мамандары қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әр тұрғын қабылданады, барлығының деректері тексеріліп, өтініш жазылады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі күн сайын жұмыс істейді. Азаматтарды қабылдау таңғы 9 бен кешкі 9-дың аралығында жүргізіледі. Маңызды ақпармен бөлісе кетейік, біржолғы төлем баспана жалдау, киім-кешек, азық-түлік алу мақсатында беріледі. Бұл бағытқа облыста 85 млн теңге бөлінген.

 

Байболат Құлтанов