Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті

Жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті. Тұрғындармен әңгімелесу барысында жан-жақты көмек көрсетілетіндігі айтылды. Бірреттік көмек пен өтемақы төленеді, баспана тұрғызылады және жөнделеді. Сонымен қатар, адамдардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ, біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет.

Қазақстан халықаралық шаралардың бірін өткізбейтін болды және кейбіріне бағытталған қаржыны қысқартады. Қаражат су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге бағытталмақ. Осыны алға тартқан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ, оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Осыған байланысты елімізде гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданған.

 

Байболат Құлтанов