Sailau banner

Қоғам

Нотариалдық кеңселер зардап шеккендерге тегін қызмет көрсетеді

Қазіргі таңда облыс орталығында 12 эвакоқабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Онда зардап шеккен 400-ге тарта адам тұрып жатыр. Әлі 100-ден астам бос орын бар. Бұл туралы Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев кезекті брифингте айтты.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Нотариалдық кеңселер зардап шеккендерге тегін қызмет көрсетеді. Адвокаттарға келсек, олар сотта тұрғындардың мүдделерін қорғайтын болады. Ал соттар жоғалған құжаттарды, сондай-ақ, мұра құқықтарын қалпына келтіруге қатысты мәселелерді жедел қарау бағытында жұмыс істейді. Халық күтпес үшін мұның барлығын тезірек жасаймыз.

Қазіргі қиын-қыстау кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған дерек көп жарияланып кетті. Ал фейк ақпаратқа сеніп, дүрбелеңге салынатын адамдардың саны мыңдап саналады. Күні кеше ғана халық иланып, жаппай су жинады. Салдарынан шаһарда тағы тіршілік көзіне қатысты мәселе туындады. Журналистермен жүздескен Петропавл қаласының прокуроры заңдағы жазаны жіпке тізді.

ТЫНЫБЕК САПАРОВ, Петропавл қаласының прокуроры:

– 2 жеке тұлғаны жазаға тарттық. Жалған хабар таратқандар 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Олар блогерлер емес. Сонымен қатар, азық-түліктің, судың бағасын бақылауда ұстаймыз. Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы құрылған.

Брифингіде тасқынның екінші толқыны жайлы да айтылды. Есептеулер бойынша алдағы күндері өңірде тағы су көтеріледі. Алайда, ол айтарлықтай қауіп төндірмейді деген болжам бар.

 

Гүлден Сембаева