Қоғам

Гуманитарлық көмек және волонтерлер

Мәлік Сауытовтың Қызылжар ауданындағы Кривозерка ауылында тұрып жатқанына 60 жылдан асқан. Өкінішке қарай, жақында үйі суға кетіп, қаладағы қызының қолына көшіп келген. 83 жастағы қария тасқынның тез жеткенін айтады.

МӘЛІК САУЫТОВ, Кривозерка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Таңертең жатқанбыз. Малдарды әлі шығармаған едік. Көршіміз суды байқап қалды. Судың деңгейі тез көтеріліп, бүкіл жерді ала бастады. Одан кейін әкім келіп, барлығымызды ауылдан шығарды. Матрас, көрпе, азық-түлік алып жатырмын. Көмектесіп жатқандардың барлығына рахмет.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Чкалов көшесі, 48 мекен – жайы бойынша гуманитарлық көмек таратуды жалғастыруда. Яғни, игі іс жасап, халыққа жылу сыйлауда. Қойманың іші қажетті заттарға лық толы. Маңызды жұмыстың басы-қасында волонтерлер жүр. Олар адамдарға керек дүниені дайындап, үлестіріп береді. Өмірұзақ Еркеш – осы жердегі ең жас еріктінің бірі. 15 жастағы жасөспірім қиналған қауымға жәрдемдесуде.

ӨМІРҰЗАҚ ЕРКЕШ, волонтер:

– Волонтер болып 3-ші күн жұмыс істеудемін. Осы уақытқа дейін мешітте, “Радугада” істеген едім. Бүгін осы жерде көмектесудемін. Менің ойымша, халыққа қол ұшын созу – менің міндетім. Жұртшылыққа көмектесе отырып, жан-дүнием тазарады. Ата-анам қарсы емес. Олар мені қолдайды.

Гуманитарлық көмекке мұқтаж жандар аталған мекен – жай бойынша қажетті заттарды ала алады. Мұнда көмек қолын созғысы келетін волонтерлерге де жұмыс табылады.

 

Мәдина Қаби