Қоғам

Елордалық кәсіпкерлерден гуманитарлық көмек жетті

Қап-қап ұн мен қант. Бұл жолы теріскейлік жұртқа жол тартқан гуманитарлық жүктегі азық-түлік қоры ауқымды. Астаналық кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып облысымызға 15 тоннаны құрайтын көмек қорын жіберіп отыр. Өңір жолдарын топан су басып, көлік қатынасы қиындағаннан кейін, жүк әскери ұшақпен жеткізілді.

АРМАН БІЛӘЛОВ, “Respublica” партиясының мүшесі:

– Гуманитарлық жүкті жинаған кәсіпкерлердің айтуынша, бұған уақыт көп кетпеген. Енді елдегі жағдайды барлығы көріп, біліп жүр ғой. Сондықтан, созудың себебі жоқ. Біз де, яғни Respublica партиясының мүшелері мен еріктілері барымызды салып, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Елдің түкпір-түкпірінен келген гуманитарлық көмекті қарсы алып, оны қала ішіндегі немесе аудандардағы зардап шеккендерге жеткіземіз.

Зардап шеккен халықтың игілігіне орай жиналған заттар Чкалов көшесіндегі 48 мекен жайындағы қоймаға орналастырылуда. Мына бірінің үстіне бірі үйілген қаптағы ұн мен қанттың әрқайсысы 25 келіні құрайды. Тағы 5 литрлік сұйық май мен макарон өнімдері әкелінген. Ауыр салмақтаға заттарды көтірісуге 6637 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылыпты.

ШУХРАТ ӘШІМОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– 6637 әскери бөлімінің сарбаздары су тасқыны кезінде құтқару жұмыстары, эвакуациялау және осындай гуманитарлық жүкті орналастыру істерінде жұмыла әрекет етуде. Бүгін 25 қатардағы жауынгер Астанадан келген 15 тоннаға дейін жететін жүкті тиеп алды. Бұнымен тоқтап қалмайды, әрине. Жұмыла жұмыс істеуді өңірдегі жағдай оңалғанша жалғастыра бермек. Жалпы, топан суға қатысты іс-шараға 500-дей әскери азаматтар жұмылдырылған.

Жалпы, осы уақытқа дейін өңірге күндегісін күнде келіп жатқан гуманитарлық жүктің санын дөп басып айту қиын. Жаны жайсаң жандардың игі ісінің арқасында халықтың жағдайы сәл де болсын жеңілденеді деп сенеміз.

 

Ақжүніс Мұқатай