Қоғам

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға төленетін бірреттік төлем туралы

Мына қаз-қатар тізілген тұрғындар бірреттік төлем алуға келген. Жастар сарайында су тасқынынан зардап шеккен жандарға арналып «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында кеңес өтіп жатыр. Арнайы мамандарға жүгінушілердің қарасы қалың. Тіпті, далаға дейін ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Кейбір тұрғындардың саяжайы топан судың астында қалса, ал кейбіреулерінің үйін су алып кеткен. Шұға Мұсәріпованың Ойқала ықшам ауданындағы баспанасы бір-ақ сәтте көз алдында ғайып болды. Нәзікжандының жанұясымен Есіл ауданынан көшіп келгендеріне небәрі 9 ай ғана болыпты. “Маңдай терімізбен сатып алған үйімізді бір сағатта су алып кетті” деп көзіне жас алды.

ШҰҒА МҰСӘРІПОВА, қала тұрғыны:

– 3 күн бұрын төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, дайын отырыңыздар деп хабарлап кетті. Осы қалаға көшіп келгеніме 1 жыл болды. Барымды салып несие алып, тұрған үйімді алған болатынмын. Жарты құжаттарымды алып үлгердім. Осындай болады деп мүлдем ойламадым. Қалай шықтық, солай әлі жүрміз. Дәл қазір сіңлімнің үйіндемін.

Мұнда тек Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласының тұрғындары ғана өтініштерін жазуда. Жодың жабылуына байланысты өзге аудандарға «AMANAT» партиясының өкілдері өздері бармақ. Қараша халықты біржолғы төлемнің көлемі алаңдатады. Себебі, облыс орталығы мен Уәлиханов ауданында 200 АЕК болса, ал басқа елді мекендерде 100 АЕК немесе одан да төмен.

ГҮЛФИРА РАМАЗАНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл бұған дейін әр ауданда жасалған қаулыға байланысты. Төлем 8 немесе 10 жұмыс күні ішінде берілуі керек. Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласында бұрыннан осындай төлем. Уәлиханов ауданында қандай да бір жағдай болмасын бірреттік төлем 200 АЕК-ті құрайды.

Бірреттік төлем алу үшін тұрғындардың жеке куәлігінің көшірмесі мен банктік шот нөмірі қажет. Сондай-ақ, осы жерде баспананың суға кеткенін растайтын құжатты төтенше жағдайлар қызметі береді. Мұнда Қызылжар ауданының жұмыспен қамту бөлімінің мамандары, заңгерлер мен партия мүшелері және т.б. сала өкілдері бар.

 

Гүлден Сембаева