Аптадағы маңызды жаңалықтарТКШТЖ

Петропавлды сумен жабдықтау бойынша мәселе шешілді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов «Қызылжар су» серіктестігіне қарасты жаңа қосалқы станцияда болды. Петропавл тұрғындарын дәл қазір тіршілік көзімен қамтып отырған нысан бірер күннің ішінде тұрғызылып, кеше 14:00-де іске қосылды. Мамандар көпшілікті толғандырған мәселені шешу үшін ұзындығы 900 метрден асатын құбыр тартыпты. Желі суды тазалау нүктесіне жеткізеді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жұмыс өте қысқа уақытта жүргізілді. Алдымызда қаланы жедел арада сумен қамту міндеті тұрғандықтан, жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеді, тиісті есептеулер жүргізілмеді. Бірақ, мәселе шешімін тапты. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, инженерлік инфрақұрылыммен, электрлік жабдықтаумен айналысқан, инертті материал, құрал-жабдық жеткізген барлық мердігерлерге, ұйымдарға, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, полицейлерге және еріктілерге алғысымды білдіремін.

Мамандардың бір тобы жаңа қосалқы станцияға арық та қазған. Ал келесі топ Қарағандыдан 3 сорғыны жеткізіпті.

ЖЕҢІС СҰЛТАНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бас директоры:

– Түнгі 22:00-де біз қалыпты жұмыс қысымына жеттік. Бүгінде Петропавл қаласы толық сумен қамтамасыз етілді. Тіршілік көзінің қоры бар. Жетеді деген ойдамын. Мамандарымыз бен станция штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Кейін Марат Тасмағанбетов «Қызылжар су» серіктестігінің екінші сатыға көтеретін сорғы станциясында болды. Бұл жерді тасқын басуы мүмкін. Сондықтан, алдын алу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Жағалауды нығайту жұмыстары күндіз-түні жүргізіліп жатыр, инертті материалдар үздіксіз жеткізілуде. Бөгеттерді күшейту үшін толтырылған қаптар қолданылады. Жалпы айтсақ, күніне 20 мың қап дайындалады.

Жұмыс ауқымды және аса маңызды. Ал уақыт тапшы. Тасқын әлі де қауіп төндіруі мүмкін. Осыны бес саусақтай білетін мамандар істі аяқтап та қалыпты. Айта кетейік, қазір Петропавлды сумен 8 сорғы үздісіз қамтып отыр. Осының арқасында көпшілікті бірнеше күн толғандырған мәселе шешімін тапты.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бұл жерде станцияның негізі орналасқан. Ол күллі қалаға су таратады. Нысанның маңыздылығын жақсы білеміз. Сондықтан, екінші бөгет тұрғызылуда. Жедел штаб құрылған. Оның құрамындағы мамандар күндіз-түні жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Қазіргі уақытта нысанда 50-ден астам арнайы техника, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның 800-ден астам өкілі тәулік бойы жұмыс істеуде.

 

Гүлден Сембаева