Қоғам

Павлодар облысынан гуманитарлық көмек келді

МӘДИНА ҚАБИ, тілші:

– Қызылжарға Павлодар облысынан гуманитарлық көмек келді. 700 шақырымды артқа тастап аймаққа жеткен жүк көлігін қала белсенділері қарсы алды. Көлікке тиілген азық-түлік, киім-кешек пен тұрмыстық техника судан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға таратылмақ.

Екі бірдей жүк көлігіне тиелген қажетті заттарды еріктілер түсіріп жатыр. Павлодар облысының жомарт жандары әкелінгеннің барлығын 3 күннің ішінде жинапты.

МАХАНБЕТ АМАНГЕЛДІ, «Respublica» партиясы Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы:

– Біз тұрғындарға ең қажетті деген заттарды әкелдік. Облыс халқы сіздерге сәлемдерін жолдады. Бұл жағдайға бей-жай қарай алмадық.

Заттар қабылданғаннан кейін халыққа тізім бойынша таратылады. Көмекті қабылдап жатқан азаматтардың айтуы бойынша, қиын-қыстау кезеңде кейбір азаматтар бірнеше тарату нүктесіне бас сұғады. Осылайша, жалпыға тиесілі дүниені қайта-қайта қоржынға салады.

ЕЛЕНА СЕМИДОЦКИХ, СҚО ҚХА төрағасының орынбасары:

– Қалада гуманитарлық көмекті қабылдайтын 4 жер бар. Қазір түрлі облыстардан жәрдем келіп жатыр. Солардың барлығын теңдей бөліп, халыққа үлестіргіміз келеді. Бірақ, кейбір жандар бірнеше орталыққа жүгінеді. Жаға ұстатарлық тағы бір жайт, қарғын судан зардап шекпегендер де біздің мамандарға жүгінуде. Мұндай сәтте біз жұдырықша жұмылу керекпіз. Өзге адамдарды да ойлағанымыз жөн деп санаймын.

Бүгін жергілікті белсенділер тағы екі облыстан көлік тосып отыр. Олар: Алматы мен Астана. Ал, Павлодар облысы бұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы күндері Кереку жерінен тағы тауар жеткізілмек.

 

Мәдина Қаби