ТЖ

Өңірге тасқынның екінші толқыны келеді

Жақын арада жағаны жайлауға жібере алмаймыз. Өңірге тасқынның екінші толқыны келе жатыр. Яғни, Есіл өзенінің деңгейі қайта көтеріліп, топан су жан-жаққа жайылуы мүмкін. Бұл жайлы журналистерге облыстың бас синоптигі Қымбат Мерғалымова айтты.

ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:

– Ақмола облысындағы Жабай және Қалқұтан өзендері көтерілді. Осының әсерінен Сергеев қоймасындағы көрсеткіштер кезекті мәрте өзгермек. Жоспар бойынша бұл ертеңнен бастап орын алады. Екінші толқынның алды сәуірдің 22-сі күні Петропавлға жетеді деген болжам бар. Ал ең шарықтау шегі 27-сі күні байқалмақ. Яғни, әлі босаңсуға жол жоқ.

Иә, босаңсуға жол жоқ. Әлі Петропавл арқылы тасқынның алғашқы толқыны толығымен өтпеді. Мамандардың сөзінше, алдағы 1-2 күнде шаһар маңында максималды көрсеткіш тіркеледі. Әрмен қарай топан су Қызылжар ауданының аумағына өтеді.

СӘКЕН АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Тиісті есептеулер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Біз соған сүйене отыра Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында алдын алу жұмыстарына кірістік. Тұрғындар ескертілді. Соның нәтижесінде қауіпсіз жерге көшіру жұмысы жүргізілді. Мұндай шаруа қазір Соколовкада да атқарылып жатыр.

Аймақта тағы 15 ауылға қауіп төніп тұр. Олардың басым бөлігі Қызылжар ауданында орналасқан.

 

Байболат Құлтанов